Жаңалықтар

АҚШ маманы Қазақстанның авиация әкімшілігін басқарады

4 мамырдан бастап «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Бас атқарушы директоры лауазымына Майкл Дэниел тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ

Бұл туралы бүгін Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«2026 жылғы 4 мамырдан бастап “Авиациялық әкімшілік Қазақстан” АҚ-ның бас атқарушы директоры қызметіне Майкл Дэниел тағайындалды. Ол авиация саласы бойынша кәсіби білімге ие: АҚШ-тағы Эмбри-Риддл аэроғарыш университетін “аэронавтика” мамандығы бойынша тәмамдаған және азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар», – делінген хабарламада.

СИНГАПУР МЕН БЕЙЖІҢДЕ БАСШЫ БОЛҒАН

Майкл Дэниел еңбек жолын АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасында (FAA) бастаған. Ол бұл мекемеде ұшу қауіпсіздігі инспекторы, әуе кемелерін сертификаттау жөніндегі маман, ұшу қауіпсіздігі қызметінің басшысы, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар мен саясат жөніндегі аға менеджер секілді бірқатар жауапты лауазымдарды атқарған.

Сонымен қатар, оның FAA-ның Франкфурт, Нью-Йорк және Вашингтон қалаларындағы халықаралық кеңселерінде жұмыс тәжірибесі бар. 2006-2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі FAA халықаралық кеңселерін басқарған, онда шетелдік жөндеу ұйымдарына қадағалау жүргізіп, халықаралық қауіпсіздік бағалауларын жүзеге асырған.

Әр жылдары ол халықаралық бастамаларға жетекшілік етіп, APEC ұйымының көлік қауіпсіздігі және әуе қатынасы жөніндегі жұмыс тобын басқарған. Сондай-ақ авиациялық қауіпсіздікті халықаралық деңгейде қадағалау және бағалау бағыттарында қызмет етіп, ICAO ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатқан, – делінген мәліметте.

Back to top button