Қазақстанның 150-ден астам азаматы Саньядан уақтылы ұша алмай кідіріп қалды
Қытайдың Хайнань аралынан Астанаға ұшуға тиіс Air Astana рейсі техникалық ақауға байланысты 27 сағатқа кешікті. Бұл туралы жолаушылырдың бірі Threads әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, Хайнаньда 150-ден астам адам ұшақты бір тәуліктен астам уақыт күткен. Олардың арасында егде жастағы 30 әйел адам мен мен 20 бала бар.
Air Astana әуе компаниясы Санья-Астана бағытындағы KC584 рейсі кешіккенін растады. Ұшақ 4 қарашада ұшуға тиіс болған.
«Гидравликалық жүйедегі қысымның төмендеуіне байланысты рейс келесі күнге шегерілді», – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Компания мәліметінше, ақауы бар бөлшек ауыстырылып, жолаушыларға қонақүй, тамақ және трансфер ұйымдастырылған.
Ұшақ 5 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 10:07-де Саньядан ұшып шықты.