TOP-2Сараптама

Қазақстаннан 25 млрд доллар шетелге кеткен: бұл қауіп пе, әлде қалыпты құбылыс па

4 жылда қазақстандықтар шетелдік қаржы құралдарына шамамен 25 млрд доллар шығарған

Ұлттық банктің төлем балансы статистикасы кейінгі жылдары қазақстандық резиденттердің шетелдік бағалы қағаздарды, облигациялар мен инвестициялық қорларды, басқа да қаржы құралдарын сатып алуға жұмсаған қаражаты артқанын көрсетеді.

Долларсыздану саясаты

2000-2007 жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болатын. Мысалы, 2000 жылы көлемі небәрі 85,5 млн доллар болса, кейін көрсеткіш біртіндеп өсіп, 2005 жылы 5,2 млрд долларға, 2006 жылы 9,2 млрд долларға, 2007 жылы 4,1 млрд долларға жеткен. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін жағдай өзгерді. Бұл жылы көрсеткіш 7,3 млрд доллар болса, 2009 жылы минус 1,9 млрд долларға дейін түсті. 2010 жылы қайтадан 7,2 млрд долларға көтеріліп, 2011 жылы 13,6 млрд долларға дейін жетті. Бұл тарихи максимумдардың бірі еді. Кейінгі жылдары көрсеткіш тұрақсыз сипат алды: 2013 жылы – 8,5 млрд доллар, 2014 жылы – 6,5 млрд доллар болса, 2015 жылы алғаш рет минус 9,5 млрд долларға дейін құлдырады. 2016 жылы минус 1,3 млрд доллар, 2017 жылы минус 3,2 млрд доллар, 2018 жылы минус 0,7 млрд доллар тіркелді.

2022 жылы қазақстандықтар шетелдік портфельдік активтерге 10,1 млрд доллар салды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млрд доллар, 2024 жылы 3,8 млрд доллард болды. 2025 жылы тіпті 7,1 млрд долларға дейін өсті. Осылайша соңғы төрт жылда ғана шетелдік қаржы құралдарына салынған қаражат көлемі шамамен 24,7 млрд долларға жетті.

Бір қарағанда бұл капиталдың сыртқа кетуі сияқты көрінеді. Бірақ дәл осы кезеңде Қазақстан қаржы жүйесінде долларлануды қысқарту саясаты жүріп жатты.

2015 жылға дейін халық депозиттерінің басым бөлігі шетел валютасында сақталды. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, сол кезде депозиттердің долларлану деңгейі 69-70 пайыз шамасында болды. Басқаша айтқанда, азаматтардың жинақтарының үштен екісінен астамы доллармен сақталды.

Осы кезеңде реттеуші валюталық депозиттердің тартымдылығын төмендету саясатын бастады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, жеке тұлғалардың валюталық депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі бірнеше кезеңмен қысқартылды. 2010-2012 жылдары валюталық депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 7 пайыз болса, 2015 жылы ол 3 пайызға дейін төмендетілді. 2016 жылы – 2 пайыз, 2017 жылдың екінші жартысында – 1,5 пайыз, ал 2018 жылдан бастап небәрі 1 пайыз деңгейінде белгіленді.

Яғни доллардағы депозиттердің табыстылығы іс жүзінде жойылды деуге болады.

AI/Tizgin.kz

Осының әсерінен долларлану деңгейі тез төмендей бастады. 2020 жылы шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2015 жылғы 69 пайыздан 38 пайызға дейін төмендеді. 2024 жылы көрсеткіш шамамен 19 пайызға жетті. 2025 жылы одан әрі төмендеп, 17-18 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Реттеуші тұрғысынан қарағанда, бұл саясат табысты болды. Банктердегі жинақтардың басым бөлігі теңгеге ауысты.

Ranking.kz деректеріне сәйкес, жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері 2015 жылғы 4,3 трлн теңгеден 2025 жылдың басында 24,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Яғни он жылда көлемі шамамен 5,6 есе өскен.

Бұл ретте депозиттердің жалпы көлемі де айтарлықтай артты. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2020 жылы депозиттік ұйымдардағы барлық депозит көлемі 22,1 трлн теңге болса, 2025 жылдың соңында 48 трлн теңгеден асты. Оның ішінде ұлттық валютадағы депозиттер 13,9 трлн теңгеден 37,9 трлн теңгеге дейін өсті. Ал шетел валютасындағы депозиттер 8,2 трлн теңгеден 10,1 трлн теңгеге ғана көбейді.

Дегенмен төлем балансының статистикасы тағы бір үрдісті көрсетіп отыр. Валюталық депозиттердің тартымдылығы төмендеген сайын шетелдік қаржы құралдарына бағытталған инвестициялар көбейе бастады. Әсіресе 2022 жылдан кейін бұл қозғалыс айқын көрінеді.

Алайда төлем балансындағы «портфельдік инвестициялар бойынша қаржылық активтерді таза алу» көрсеткіші тек жеке тұлғалардың операцияларын ғана емес, барлық резиденттердің, соның ішінде қаржы ұйымдарының, инвестициялық қорлардың және басқа да қатысушылардың операцияларын қамтиды. Сондықтан аталған 24,7 млрд доллардың барлығы халық ақшасы деп кесіп айтуға болмайды.

Соған қарамастан көрсеткіштің көлемі қазақстандық капиталдың шетелдік қаржы нарықтарына бағытталуы күшейгенін көрсетеді.

Жеке инвесторлар саны 35 есе өскен

Астана халықаралық қаржы орталығының сараптамалық кеңсесі жасаған зерттеуге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде бөлшек инвесторлар саны 35 есе өскен. 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша AIX депозитарийінде жеке тұлғалардың 2,2 млн шоты, ал Орталық депозитарийде 4,6 млн шоты тіркелген. Ал 2026 жылдың мамыр айында Орталық депозитарий жүйесіндегі шоттар саны 5,44 млн-ға жетті.

Зерттеу авторлары мұндай өсімді бірнеше фактормен байланыстырады. Олардың қатарында ірі IPO-лар, онлайн-брокерлердің дамуы, инвестициялық қосымшалардың таралуы және шот ашу рәсімдерінің толық цифрландырылуы бар. Басқаша айтсақ, инвесторлардың басым бөлігі қор нарығына смартфон арқылы қатысып жүр.

Жаңа инвесторлардың белсенділігі биржалық статистикадан да байқалады. 2024 жылы жеке тұлғалар KASE биржасының акциялар нарығындағы мәмілелер көлемінің 62,1 пайызын қамтамасыз еткен. Яғни бөлшек инвесторлар қор нарығындағы негізгі ойыншылардың біріне айналған.

AI/Tizgin.kz

Сауда белсенділігі де қарқынды өсуде. 2024 жылы KASE-де 3,6 млн мәміле жасалса, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының өзінде мәмілелер саны 4,5 млн-ға жеткен.

Инвесторлардың қызығушылығы тек акциялармен шектелмейді. Жеке тұлғалардың корпоративтік облигациялар нарығындағы үлесі де тез өсіп келеді. 2021 жылы олардың үлесі 3,8 пайыз болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 23,1 пайызға дейін ұлғайған. Ең жоғары сұраныс микрокаржы ұйымдарының облигацияларына байқалып отыр.

Осы деректердің бәрі Қазақстандағы жинақ мәдениетінің өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын халық үшін негізгі таңдау теңгедегі немесе валютадағы депозит арасында болса, қазір инвестициялық құралдардың ауқымы едәуір кеңейді. Бүгінде жеке инвесторлар акцияларды, ETF қорларын, облигацияларды және басқа да қаржы құралдарын пайдалана алады.

Back to top button