Қазақстандағы жеке мектептердің табысы кейінгі төрт жылда тұрақты өскен. Дегенмен уақыт өткен сайын табыстың өсімі тежеліп келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмақтай болған жылдар
Қазақстандағы жекеменшік мектептердің табысы 2022 жылы табыс 134,9 млрд теңге болса, 2023 жылы 207,1 млрд, 2024 жылы 271,9 млрд, 2025 жылы 333,2 млрд теңгеге жеткен. Осылайша төрт жылда жеке мектептердің табысы 2,5 есеге жуық артқан. Олардың барлық мектептердің табысындағы үлесі де 2022 жылғы 5%-дан 2025 жылы 8,7%-ға дейін өскен.
Десе де, өсім қарқыны жыл сайын бәсеңдеген. 2023 жылы жеке мектептердің табысы 53,5%-ға артса, 2024 жылы 31,3%, 2025 жылы 22,5% өсім көрсеткен. Яғни нарықтың көлемі жыл сайын ұлғайғанымен, алғашқы жылдардағыдай жоғары қарқын сақталмаған.
Жеке мектептердің табысындағы мемлекет пен халықтың үлесі де әр жылда әртүрлі өзгерген. 2022 жылы 134,9 млрд теңге табыстың 54,9 млрд теңгесі бюджеттен, 20 млрд теңгеге жуығы халықтан түскен. 2023 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 90,7 млрд және 34,9 млрд теңге, 2024 жылы 133,6 млрд және 45,3 млрд теңге болды. 2025 жылы бюджеттен түскен қаражат 137,6 млрд теңгеге дейін ғана өскен, ал халықтың оқу ақысы ретінде төлеген сомасы 22,2 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Осылайша 2022-2025 жылдары жеке мектептерге бюджеттен түсетін қаражат 2,5 есеге жуық өскен. Бірақ оның өсімі негізінен 2022-2024 жылдары қалыптасқан: 2022 жылдан 2023 жылға дейін бюджет қаражаты 35,8 млрд теңгеге, 2024 жылы тағы 42,9 млрд теңгеге артқан. Ал 2025 жылы өсім 4 млрд теңгеге де жетпеген.
Халықтың жеке мектептерге оқу ақысы ретінде төлеген қаражаты басқа бағытта өзгерген. 2022-2024 жылдары ол 20 млрд теңгеден 45,3 млрд теңгеге дейін, яғни екі еседен астам өскен. Алайда 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,2 млрд теңгеге дейін түскен. Яғни бір жылда ата-аналардың оқу ақысы бойынша шығыны шамамен жартысына қысқарған.
Шетелдік меншікке тиесілі білім беру ұйымдарының табысы да өскен. 2024 жылы олардың жалпы табысы 30,5 млрд теңге болса, 2025 жылы 40,7 млрд теңгеге жетіп, 33,5% артқан. Алайда негізгі және жалпы орта білім беру бойынша бюджеттен түскен ағымдағы трансферттер 936,1 млн теңгеден 364 млн теңгеге дейін, яғни 61,1% азайған. Керісінше, халықтан оқу үшін түскен төлем 735,4 млн теңгеден 4,2 млрд теңгеге дейін өсіп, 5,7 есе өскен.
Жеке мектептердің табысы оқу ақысына ғана тәуелді емес
Соған қарамастан жеке мектептердің жалпы табысы 2025 жылы төмендеген жоқ. Керісінше, 271,9 млрд теңгеден 333,2 млрд теңгеге дейін, яғни 61,3 млрд теңгеге өсті. Бұл жерде екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылық анық көрінеді: 2025 жылы мемлекеттен түскен қаражат сәл өсті, халықтың оқу ақысы азайды, ал жеке мектептердің жалпы табысы айтарлықтай көбейді. Демек, жеке мектептердің табысы тек ата-аналардың оқу ақысына тәуелді емес. 2025 жылғы жалпы табыстың өсуі халықтан түскен оқу ақысының артуымен емес, басқа табыс көздерінің есебінен жүрген. Ресми статистика осы басқа түсімдердің нақты құрылымын толық ашпайды.
Жеке мектептер нарығындағы өзгеріс олардың жалпы табысынан ғана емес, мемлекеттік қаржының салмағынан да көрінеді. 2022 жылы бюджеттен түскен 54,9 млрд теңге жеке мектептердің 134,9 млрд теңге табысының шамамен 41%-ына тең болса, 2025 жылы 137,6 млрд теңге 333,2 млрд теңгенің шамамен 41%-ын берген. Яғни төрт жыл ішінде бюджет қаражатының абсолюттік көлемі қатты өскенмен, оның жеке мектептердің жалпы табысындағы үлесі шамамен сол деңгейде қалған.
Ал халықтан түскен оқу ақысының үлесі керісінше өзгерген: 2022 жылы шамамен 15%, 2023 жылы 17%, 2024 жылы 17%, 2025 жылы небәрі 6,7% болған. Сондықтан 2025 жылы ата-аналар төлемінің үлесі күрт төмендеп, жалпы табыстың өсуі басқа түсімдер есебінен қалыптсқан.
Айта кету керек, мемлекет былтырдан бері жеке меншік мектептерді қаржыландыру ісіне баса мән беріп қарай бастады. Әуелі Оқу-ағарту министрлігі жеке меншік мектептерді қаржыландыру тетігін жергілікті бюджеттерге ауыстырған. Кейін осы іске жауапты ведомство жанындағы Қаржы орталығын Қаржы министрлігінің бақылауына берді.
Жыл басында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізілетінін айтқан болатын.

“Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.
Білім саласына жекеменшік инвестицияны тарту үшін мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталды. Осы шаралармен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізеді. Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз, – деген Аида Балаева.
Осы салаға тексеру жүргізген Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов 60 орындық мектепке 600 оқушының ақшасы бөлініп келгенін мәлім еткен. Оның айтуынша, саланы цифрландыру енді мұндай бассыздықтарға тосқауыл қойған.

“Бұрын бір оқушыны бірнеше мектепке тіркеп жіберуге мүмкін болса, жоқ оқушыны бар деп жазу мүмкін болса, цифрландыру мұндай тәуекелдерді жойды. Біз өтінімде көрсетілген оқушыны басқа деректер базасы арқылы қандай жеке мектепке тіркелгенін тексере аламыз. Мысалы, мектептің жобалық қуаты 60 оқушыға арналғанымен, іс жүзінде 600 оқушы бекітіп жіберген жағдайлар болды. Осының салдарынан 600 оқушыға ақша бөлініп келген. Цифрландыру қаржы үнемдеп, тәртіп орнатуға көмектесті”, – деген Е.Біржанов.