$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстандағы ең кәрі адамның жасы нешеде екені белгілі болды

Қазақстанда зейнетақы алушылар арасында жасы 100-ге жеткен және одан асқан 300 адам бар. Олардың ең үлкені – Ұлытау облысында тұратын 116 жастағы кейуана. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.

Ең қарт үш тұрғын қай өңірде тұрады

Министрлік дерегінше, зейнетақы алушылар арасындағы ең қарт үш тұрғын Ұлытау, Павлодар және Қостанай облыстарында тұрады.

Ұлытаулық кейуана 116 жасқа толса, Павлодар облысының тұрғыны – 114 жаста. Ал Қостанай облысында 111 жастағы зейнеткер тұрады.

Ведомство ұсынған статистика тек жасы 100-ге жеткен және одан асқан зейнетақы алушыларды қамтиды.

Ғасыр жасағандар Алматыда көп

Ұзақ өмір сүретін зейнеткерлер саны жөнінен Алматы көш бастап тұр. Қалада жасы 100-ге жеткен және одан асқан 41 адам тұрады.

Екінші орында – Түркістан облысы. Өңірде осы жас санатындағы 32 зейнеткер бар. Ал Алматы облысы 25 адаммен үшінші орынға жайғасқан.

Жыл сайын 1 қазанда Қазақстанда және өзге елдерде Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді 1990 жылғы 14 желтоқсанда бекіткен. Атаулы күн аға буынның қоғам дамуына қосқан үлесін еске салып, қарттардың қажеттіліктері мен өмір сапасына назар аударуға бағытталған.

Back to top button