$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарПікір

Қазақстанда қоныстанғанға дейін-ақ қабырғасы жарылып кететін тұрғын үйлер бар – депутат

Осыған байланысты депутат тұрғын үйлер салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қай деңгейде жүзеге асырылғанын сұрады.

Мәселені тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін емес, құрылыс кезеңінде шешу керек. Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай құрылыс сапасы мен мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, қазақстандықтар баспана сатып алғаннан кейін құрылыс сапасына байланысты түрлі мәселелерге жиі тап болады.

Тұрғындар үй алғаннан кейін қиындыққа кезігеді

«Көптеген азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы пәтер сатып алып, оның ақысын жылдар бойы төлейді. Кілтті алып, қоныстанғаннан кейін бірден түрлі кемшіліктер анықтала бастайды. Кейде қоныстанғанға дейін-ақ құбырлардан су ағады, қабырғаларда жарықтар пайда болады, қыста пәтерлер суық болады. Кей жағдайларда, тіпті, ғимараттардың қасбеттері опырылып түседі», – деді Наурыз Сайлаубай.

Депутат Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында тұрғындар инженерлік желілерден бастап, ғимараттың құрылыс сапасына дейінгі түрлі мәселелерге тап болатынын атап өтті.

Осыған байланысты депутат тұрғын үйлер салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қай деңгейде жүзеге асырылғанын сұрады.

Жаңа Құрылыс кодексінің тиімділігіне назар аударды

Наурыз Сайлаубай 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгенін еске салды. Құжатта бақылауды күшейту, цифрлық мониторинг жүргізу және құрылыс саласына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру қарастырылған.

Депутаттың пікірінше, заңда қанша бақылау тетігі қарастырылғанын ғана емес, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бағалау маңызды.

Бақылау жүйесінде мүдделер қақтығысы болмауы керек

Депутаттың айтуынша, өңірлерде құрылыс саласын басқару мен бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Сонымен қатар олар аумақтарды дамытуға, қала құрылысы саясатына, құрылыс және тұрғын үй жобаларын іске асыруға да жауап береді.

«Біз әкімдік қызметкерлері заң бұзушылықтарға немқұрайлы қарайды деген ұстанымнан аулақпыз. Біз бақылаушы органда мүдделер қақтығысының туындауы немесе болуы мүмкін екеніне назар аударып отырмыз, сондықтан мұндай мүмкіндікке де жол бермейтін жүйе құру қажет», – деп атап өтті депутат.

Құрылыс саласына объективті баға беру ұсынылды

Наурыз Сайлаубай құрылыс саласына объективті баға беріп, қолданыстағы жүйе заң бұзушылықтардың алдын алуға қаншалықты мүмкіндік беретінін және бақылаудың тәуелсіздігін қамтамасыз ете ала ма деген мәселені анықтауды ұсынды.

Депутат мына мәселелерді зерттеу қажет деп санайды:

  • құрылыс кезінде қанша заң бұзушылық орын алады;
  • олардың қаншасы нысан пайдалануға берілгеннен кейін анықталады;
  • бақылауды кім жүзеге асырады және жауапкершілікті кім көтереді;
  • елеулі кемшіліктер неге құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңдерінде анықталмайды.

Оның айтуынша, адал еңбегімен тапқан қаражатына баспана сатып алған адам оның сапасын бақылайтын соңғы тұлға болмауы керек.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button