Жаңалықтар

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді: ІІМ түсіндірді

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Жаңа түзетулер мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, жүргізуші куәлігін алу процесін жеделдетуге бағытталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова мәлімдеді.

Көлікті қайта жабдықтағаннан кейін қосымша тексеру талап етілмейді

Ақтоты Боранованың айтуынша, ұсынылған өзгерістер азаматтарды артық рәсімдерден босатуға бағытталған.

«Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және оларды басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету және жеделдету. Артық рәсімдер алынып тасталады. Көлік құралын қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексеруден өткізу қажет болмайды. Енгізілген өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжат жеткілікті», – деді ол.

Емтиханнан өте алмағандар келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады

Жаңа ережеге сәйкес, жүргізуші куәлігін алуға үміткер алғашқы емтиханнан өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыруға мүмкіндік алады. Ал екінші әрекеті де сәтсіз аяқталса, дайындалу үшін 10 күнтізбелік күн беріледі.

Үш рет емтиханнан өте алмағандар ақша төлейді

ІІМ әзірлеген өзгерістердің бірі емтиханды қайта тапсыру ақысын енгізуге қатысты.

«Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет теріс нәтиже алған жағдайда, тиісті емтиханды одан кейінгі тапсыру әрекеттері ақылы негізде жүзеге асырылады. Бұл шара үміткерлердің емтиханға тыңғылықты дайындалып, жеткілікті біліммен келуін қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Ақтоты Боранова.

Теориялық емтихан нәтижесі сақталады

Тағы бір маңызды өзгеріс теориялық емтихан нәтижесінің жарамдылығына қатысты.

Бұған дейін үміткер практикалық емтиханнан өте алмаған жағдайда теориялық сынақтың оң нәтижесі жойылатын. Енді ұсынылған жаңа тәртіп бойынша практикалық емтиханнан өте алмау теориялық емтиханның оң нәтижесін жоюға негіз болмайды. Бұл азаматтардың теориялық сынақты қайта тапсыру қажеттілігін азайтады.

Шетелдік жүргізуші куәліктерін ауыстыру талаптары күшейтіледі

Министрлік шетелде берілген жүргізуші куәліктерін қазақстандық құжатқа ауыстыру тәртібін де өзгертуді ұсынып отыр. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін азамат теориялық емтиханды сәтті тапсыруы тиіс.

Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органның ресми сұрауы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органы жүргізуші куәлігінің түпнұсқалығын растауы қажет.

«Бұл – жолдарымызда жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеуге бағытталған шара», – деп атап өтті Ақтоты Боранова.

Ол қазақстандықтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Айта кетейік, аталған өзгерістер әзірленген түзетулер ретінде ұсынылып отыр. Олардың нақты қашан күшіне енетіні туралы ақпарат берілген жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button