Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді: нені білу керек
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру және оны қайта тапсыру тәртібі өзгерді. Тиісті өзгерістер Ішкі істер министрінің 5 қазандағы бұйрығымен бекітіліп, 9 қазаннан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Емтиханды қайта тапсыру мерзімі қысқарды
Жаңа ережеге сәйкес, жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер теориялық және практикалық емтихан тапсыратын күнді, уақытты және орынды бос орындардың болуына қарай өздері таңдайды. Емтиханға кемінде бір жұмыс күні бұрын жазылу қажет.
Емтиханнан алғаш рет өте алмаған азамат келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады.
Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан екі рет құлаған жағдайда келесі мүмкіндік кемінде 10 күнтізбелік күннен кейін беріледі. Бұрын бұл мерзім бір ай болатын.
Үш рет сәтсіз тапсырған үміткерлердің кейінгі әрекеттері ақылы болады. Төлем мөлшері Мемлекеттік корпорация бекіткен тарифтерге сәйкес белгіленеді. Қайта тапсыру үшін де кемінде 10 күн күту қажет.
Емтихан кезінде ереже бұзғандар не істейді
Емтихан кезіндегі тәртіп талаптары да күшейтілді. Егер үміткер теориялық емтихан барысында өзге адамдармен материал алмасса, залдан шығып кетсе немесе қағаздағы, электрондық құрылғылардағы ақпаратты пайдаланса, емтихан бірден тоқтатылады.
Мұндай жағдайда арнайы акт жасалып, үміткерге «ТАПСЫРМАДЫ» деген баға қойылады.
Ең бастысы, тәртіп бұзған азамат теориялық емтиханды қайта тапсыруға 12 айдан кейін ғана жіберіледі. Бұрын бұл шектеу үш ай болатын.
Сонымен қатар емтихан нәтижесі барлық сұраққа жауап берілгеннен кейін немесе белгіленген уақыт аяқталғанда ғана көрсетіледі.
Нәтижемен келіспеген азамат фото және бейнематериалдар негізінде апелляциялық шағым түсіре алады. Оны кемінде үш адамнан тұратын комиссия қарайды.
Практикалық емтихан бейнекамераға жазылады
Автоматтандырылған автодром болмаған немесе ол істен шыққан жағдайда практикалық емтиханды арнайы комиссия қабылдайды. Бұл тәртіп көлік құралы болмаған немесе жарамсыз болған жағдайларда да қолданылады.
Комиссия қабылдайтын емтихан кезінде көлік салоны 360 градусқа толық шолу жасайтын бейнебақылау жүйесімен жабдықталуға тиіс.
Емтихан барысы бейне және аудиожазбаға тіркеліп, кемінде алты ай сақталады.
Комиссия мүшелері үміткердің жүргізу дағдысын бір-бірінен тәуелсіз бағалайды. Қорытынды нәтиже қойылған айыппұл балдарының орташа көрсеткіші негізінде шығарылады.
Жүргізуші куәлігін ауыстыруда не өзгерді
Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
- медициналық анықтама;
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
- бұрын берілген жүргізуші куәлігі;
- тегі, аты немесе әкесінің аты өзгерген жағдайда жеке деректердің өзгергенін растайтын құжат.
Ал көлік басқару құқығынан айырылған азаматтар жаза мерзімі аяқталғаннан кейін куәлігін қайта алу үшін теориялық емтиханды сәтті тапсыруға міндетті.
Көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылған адамдарға жүргізуші куәлігін беру мүмкіндігі ақпараттық жүйеде бұғатталады.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексеруге «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы жазылуға болады.
Егер ұсынылған құжаттардан қате анықталса, оны түзетуге 60 минут беріледі. Ал теориялық емтихан нәтижелері уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде 12 ай сақталады.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 9 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді.