Жаңалықтар

Қазақстанда енді «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yassaui» ордендері беріледі

Сенат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Осыған сәйкес үш жаңа орден қосылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сенатор Айгүл Қапбарова мемлекеттік наградалар жүйесі тек марапаттау тетігі емес, қоғамға қандай құндылық маңызды екенін көрсететін идеологиялық институт екенін атап өтті. Оның сөзінше, Президент тапсырмасы аясында «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yassaui» және «Мейірім» ордендері тағайындалып отыр.

«Al-Farabi» ордені ғылым, білім, мәдениет және рухани салада ерекше еңбек сіңірген азаматтарға беріледі. Сенат бұл награда арқылы мемлекет интеллектуалдық еңбек пен ғылымның маңызын айқындағысы келетінін мәлімдеді.

Ал «Qoja Ahmet Yassaui» ордені Қазақстанның дамуына үлес қосқан ғалымдарға, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне табысталады. Сонымен қатар бұл орден қоғамдық-саяси, гуманитарлық және ағартушылық салаларға еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға арналған.

Үшінші жаңа награда – «Мейірім» ордені. Ол қайырымдылықпен, меценаттықпен және әлеуметтік жауапкершілікпен айналысатын азаматтарға беріледі. Заң авторлары бұл бастама қоғамдағы жанашырлық пен ізгілік құндылықтарын күшейтуге бағытталғанын айтады.

Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс – ерекше жағдайда Мемлекет басшысы белгіленген мерзімдерді күтпей-ақ азаматтарды марапаттай алады.

 

Back to top button