Қазақстанда дәрігерлер облыстар сұранысына сәйкес оқытылады
Жоспарлау кезінде аурухана мен емхана желісінің дамуы, халық саны, медицина ұйымдарының кадрмен қамтылуы секілді жайттар ескеріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік не дейді
Елде қай облысқа қанша дәрігер қажет екенін алдын ала анықтап, мамандар даярлау жүйесін өзгерту жоспарланып отыр. Осы арқылы дәрігер тапшылығы бар аймақтарды анықтап, медициналық кадрларды өңір қажеттілігіне қарай бөлу көзделді.
Министрлік мәліметінше, енді медицина мамандарын даярлау кезінде жалпы көрсеткіштер ғана емес, әр өңірдің нақты қажеттілігі ескеріледі.
Не нәрсе ескеріледі
Жоспарлау барысында халық саны мен ауру түрлері құрылымынан бөлек, медицина ұйымдарының кадрмен қамтылуы назарға алынады. Одан бөлек:
- аурухана мен емхана желісінің дамуы;
- денсаулық сақтау саласының болашақтағы өзгерістері туралы болжамдар ескерілмек.
Жаңа ережелерге сәйкес денсаулық сақтау жүйесіне қажет дәрігерлер саны алдын ала болжанады. Министрлік жаңа ережелерді 3 тамызға дейін ашық талқылауға шығарды.
Ауылға барған дәрігерге қанша ақша беріледі
Мұның алдында елде ауылдардағы кадр тапшылығын азайту үшін медицина қызметкерлерін қолдау шаралары күшейтіліп келе жатқаны туралы жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Маржан Мұхамедбек ауылдарға жұмысқа барған тапшы мамандық иелеріне 8,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы берілетінін айтқан болатын.
Осылайша көтермеақы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасатын және мемлекет айқындаған тапшы мамандықтар тізіміне кіретін дәрігерлерге қарастырылған. Бұл тетік өңірлердегі кадр жетіспеушілігін азайтып, білікті мамандарды ауылдық елді мекендерге тартуды көздейді.