TOP-2Сараптама

Ауылға барған дәрігерге – 8,5 млн теңге: көтермеақы кімдерге беріледі, оны қалай алуға болады

Қазақстанда ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайту үшін медицина қызметкерлерін қолдау шаралары күшейтіліп келеді. Соның бірі – ауылға жұмысқа барған тапшы мамандық иелеріне 8,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы төлеу. Бұл қолдау дәрігерлерді өңірлерге тартуға және ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мемлекет соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға ғана емес, медицина мамандарының әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде медицина қызметкерлерін қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған.

Осы мақсатта дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағдарламалары қаржыландырылып, заманауи білім беру технологиялары енгізілуде. Бұл мамандардың үздіксіз кәсіби дамуына, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін меңгеруіне мүмкіндік беріп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар 2026 жылы дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

8,5 млн теңге кімдерге беріледі?

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Маржан Мұхамедбектің айтуынша, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 84 мыңға жуығы – дәрігерлер.

Оның айтуынша, елімізде бірқатар медициналық бағыттар бойынша маман тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.

«Республика бойынша терапевт, хирург, кардиолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог және сәулелік диагностика дәрігерлері аса тапшы мамандықтар санатына жатады. Халық санының көп болуына байланысты мұндай мамандар Астана мен Алматы қалаларында да жеткіліксіз. Ауылдық жерлерге жұмысқа барған тапшы мамандық иелеріне 8,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Сонымен қатар соңғы жылдары дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен шамамен 30 пайызға өсті», – деді ол.

Осылайша көтермеақы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасатын және мемлекет айқындаған тапшы мамандықтар тізіміне кіретін дәрігерлерге қарастырылған. Бұл тетік өңірлердегі кадр жетіспеушілігін азайтып, білікті мамандарды ауылдық елді мекендерге тартуды көздейді.

Көтермеақыны қалай алуға болады?

Көтермеақы алу үшін дәрігер ауылдық жердегі медициналық ұйымға жұмысқа орналасуы және тапшы мамандық иесі болуы қажет. Қолдау шарасы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады және тиісті талаптарға сәйкес келетін мамандарға төленеді.

Мұндай қаржылай қолдау ауылдық жерге көшіп барып еңбек ететін жас әрі тәжірибелі дәрігерлер үшін маңызды әлеуметтік ынталандырудың бірі саналады. Бұл олардың жаңа жұмыс орнына бейімделуіне және тұрғын үй, көшу сияқты бастапқы шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.

Дәрігерлерге тағы қандай қолдау көрсетіледі?

Медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейту де мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып отыр.

Медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде бүгінде 280 мыңнан астам маман еңбек ететінін атап өтті.

«Осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы кейінгі жеті жыл ішінде елімізде 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынғанын да айтты.

«Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Биыл бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді», – деді Президент.

Маржан Мұхамедбектің сөзінше, медицина қызметкерлерінің беделін арттыру мақсатында жыл сайын республикалық байқаулар ұйымдастырылады. Байқау жеңімпаздарына 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Бұдан бөлек, сала мамандары үшін «Қазақстанға еңбек сіңірген дәрігер» мемлекеттік наградасы тағайындалған.

Жалпы, мемлекет қабылдап жатқан бұл шаралар медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, саладағы кадр тапшылығын азайтуға және дәрігер мамандығының беделін арттыруға бағытталған. Әсіресе ауылдық жерлерге бөлінетін 8,5 миллион теңге көлеміндегі көтермеақы өңірлерге білікті мамандарды тартудың маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Соның нәтижесінде халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жақсарып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына негіз қаланып отыр.

Back to top button