Қазақстанда банктердің несие берер кездегі талабы күшейе түсті
Қазақстанда банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары мен брокерлер жеке тұлғаларға қаржы өнімін ұсынғанда оның клиент қажеттілігіне, қаржылық жағдайы мен мүмкіндігіне сәйкестігін бағалауға тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы өнімдерін әзірлеу, жарнамалау, сату және ұсынуды тоқтату тәртібін қамтитын бірыңғай талаптарды бекітті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Агенттік басқармасының №116 қаулысы 2026 жылы 3 тамызда қабылданған. Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жаңа талаптар екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы брокерлерге қолданылады.
Клиентке керексіз өнім ұсынбайды
Қаулының халыққа тікелей әсер ететін негізгі талабы – банк өнімді ұсынбас бұрын (мәселен несиені) оның нақты клиентке қаншалықты керектігін, сәйкес келетінін бағалауға міндетті. Ол үшін адамның қаржы өнімін қандай мақсатпен алатыны, табысы, шығысы, борыш жүктемесі, ұқсас өнімдерді пайдалану тәжірибесімен ықтимал тәуекелдер ескеріледі. Қосымша қызметтердің құны да жалпы шығын құрамына енгізілуі керек.
Егер банк немесе микроқаржы ұйымы өнімнің клиенттің мақсатына, қаржылық жағдайы мен мүмкіндігіне сәйкес келмейтінін анықтаса, оны ұсынбауға тиіс. Ал клиентке бірдей дәрежеде сәйкес келетін бірнеше өнім болса, қаржы ұйымы соның бәрін көрсетуге міндетті. Яғни қызметкер өзіне немесе ұйымға тиімді бір ғана нұсқаны алға шығара алмайды.
Кепілсіз қарыз бен оған байланысты ерікті сақтандыру рәсімдеген азаматқа шарт жасалған күннен бастап 14 күн ішінде қаржы өнімінен немесе қосымша қызметтен бас тарту құқығы беріледі. Бұл жағдайда қарыз қаражатын нақты пайдаланған күндерге есептелген сыйақы, сақтандыру қолданылған уақытқа сәйкес сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі немесе ұйымның тікелей шығыны ғана есепке алынуы мүмкін. Өзге айыппұл мен өсімпұл салуға жол берілмейді. Қаржы ұйымы бұл құқық туралы клиентке шарт жасалғанға дейін түсіндіруге тиіс. Бас тарту рәсімі де азаматтан артық әрекет талап етпейтіндей қолжетімді болуы керек.
Бұдан бөлек, қосымша сақтандыруды немесе өзге ақылы қызметті өтінімге алдын ала белгіленген белгі арқылы қосып қоюға тыйым салынады. Әрбір қосымша қызметке клиенттің жеке келісімі алынуы қажет. Өнімнің маңызды шарттарын, нақты құнын және тәуекелдерін жасыруға, қызметті күштеп таңуға немесе агрессивті сату тәсілдерін қолдануға болмайды.
Банк қызметкерлерінің сыйақысы да тек сатылған өнім санына тәуелді болмауға тиіс. Бағалау кезінде қызмет көрсету сапасы, клиенттердің шағымдары және адал сату қағидаларының сақталуы ескеріледі. Жосықсыз әрекет анықталса, қызметкердің немесе агенттің сыйақысы азайтылуы не мүлде төленбеуі мүмкін.
Жарнамадағы жасырын төлем мен ұсақ қаріпке шектеу қойылады
Қаулы қаржы ұйымдарының жарнамасына да нақты талап белгілейді. Жарнама клиентті өнімнің құны, кірістілігі, артықшылығы мен тәуекелі жөнінде жаңылыстырмауға тиіс.
Егер жарнамада пайыздық мөлшерлеме немесе төлем көлемі көрсетілсе, қаржы ұйымы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, тарифтерді, комиссияларды және шартта көзделген өзге де шығындарды толық ашуға міндетті.
Белгілі бір талаптар орындалғанда ғана тегін болатын қызметті «тегін» деп көрсетуге болмайды. Сондай-ақ басқа төлемдерді жасырып, тек бір комиссияның жоқ екенін жарнамалауға тыйым салынады. Жеңілдікті мөлшерлеме ұсынылса, оның қолданылу мерзімі мен жеңілдік аяқталғаннан кейінгі стандартты шарттары қатар көрсетілуге тиіс.
Өнімнің пайдасын ірі әріппен жазып, тәуекелі мен маңызды шарттарын ұсақ қаріппен жасыруға немесе бейнероликте көз ілеспейтіндей қысқа уақыт көрсетуге жол берілмейді. Ақпарат арнайы білімсіз-ақ түсінікті, анық әрі оқуға қолайлы болуы керек. Қаржы ұйымдары өнімнің «әділ құнын» да тұрақты бағалайды. Бұл ретте сыйақы, комиссия, қосымша қызметтер мен өзге төлемдерден тұратын жалпы шығын клиент алатын пайдамен салыстырылады. Азаматтардың іс жүзінде пайдалануы екіталай қосымша қызметтер үшін төлейтін ақшасы да назарға алынады.
Жаңа немесе елеулі өзгертілген қаржы өнімі нарыққа шығар алдында пилоттық сынақтан өткізіледі. Ал қолданыстағы өнімдер бойынша шағым көбейсе, мерзімі өткен берешек үлесі артса немесе өнім нысаналы топқа кірмейтін адамдарға жиі сатылса, қаржы ұйымы жоспардан тыс тексеру жүргізуге міндетті. Кемшілік анықталған жағдайда өнімнің шарттары өзгертілуі, негізсіз қосымша қызметтер алынып тасталуы немесе оны сату тоқтатылуы мүмкін.
Қаулы қаржы өнімдерін Агенттікпен алдын ала келісуді талап етпейді. Алайда банктер мен басқа да ұйымдар өнімді бекіткеннен, өзгерткеннен немесе ұсынуды тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде реттеушіге хабарлауға тиіс. Бұл талап жылжымайтын мүлік кепілімен берілетін және кепілсіз қарыздарға, автонесиеге, мерзімді салымдарға, микрокредиттерге, несиеге байланысты бірқатар сақтандыру өнімдеріне, маржиналдық мәмілелер мен жеке инвесторларға көрсетілетін инвестициялық кеңес беру қызметтеріне қатысты. Бұған дейін айналымға шығарылған қаржы өнімдері де жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде қайта тексеріледі.