Қазақстан неге ішкі қажеттіліктен үш есе көп газ өндірсе де импортқа тәуелді
Қазақстан әлемдегі газ қоры қомақты елдердің бірі саналады. Елде жыл сайын шамамен 68 млрд текше метр газ өндіріледі. Бұл Қазақстанның қазіргі жылдық ішкі қажеттілігінен үш есе көп. Соған қарамастан Қазақстанның газ импорты экспортынан асып түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Энергетика министрлігі мен Отын-энергетика кешенін ситуациялық-талдау орталығының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда 68,2 млрд текше метр газ өндірілген. Оның 33,5 млрд текше метрі қайта айдалып, 13,3 млрд текше метрі өндірістік қажеттіліктерге жұмсалады. Соның нәтижесінде коммерциялық пайдалануға 21,4 млрд текше метр газ ғана қалады.
Бұл көрсеткіш елдің жылдық ішкі қажеттілігіне (21,6 млрд текше метр) шамалас. Басқаша айтқанда, Қазақстан өндіретін газдың жалпы көлемі көп болғанмен, ішкі нарыққа бағытталатын тауарлық газ көлемі айтарлықтай шектеулі.
Ең қызығы, мұнай қабаттарына қайта айдалатын газ көлемі елдің бүкіл жылдық ішкі тұтынуынан да жоғары. Қазақстан экономикасы мен халқы бір жылда 21,6 млрд текше метр газ тұтынса, мұнай өндіруді қолдау үшін 33,5 млрд текше метр газ қайтадан жер қойнауына жіберіледі. Яғни қайта айдалатын газ көлемі ішкі қажеттіліктен шамамен 55% артық.
Бұл газдың «ысырап болуы» емес. Қазақстандағы негізгі газ көлемі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты мұнай-газ кен орындарында өндіріледі. Мұнда газдың едәуір бөлігі мұнай қабатындағы қысымды ұстап тұру үшін қайта айдалады. Бұл технология мұнай өндіру деңгейін сақтауға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге ішкі нарыққа шығатын газ көлемін азайтады.

Осы ерекшелік Үкіметтің соңғы жылдардағы инвестициялық саясатын да түсіндіреді. Егер мәселе газ өндірудің аздығында болса, негізгі назар жаңа кен орындарын игеруге аударылар еді. Алайда Энергетика министрлігі мен ұлттық компаниялардың жоспарларында басымдық газ өңдеу инфрақұрылымына берілген. 2027–2030 жылдары Қашағандағы жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метрлік газ өңдеу зауыттарын, Қарашығанақтағы қуаты 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Жаңаөзендегі жылына 0,9 млрд текше метрлік жаңа зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Бұған қоса Рожковское, Батыс Прорва және Орталық Өріктау жобалары арқылы қосымша тауарлық газ өндіру көзделген.
Бұл жобалардың бәрі бір мақсатқа бағытталған – жалпы газ өндіруді емес, ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ көлемін көбейту.
Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, осы жобалардың нәтижесінде тауарлық газ өндіру көлемі 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылы 35,5 млрд текше метрге дейін өседі. Демек, алдағы жылдары негізгі өсім жаңа кен орындарын ашудан емес, өндірілген шикі газды тиімді өңдеп, коммерциялық айналымға шығару есебінен қамтамасыз етіледі.
QazaqGaz деректері де осы үрдісті растайды. 2025 жылы компания ішкі нарыққа 20,5 млрд текше метр газ жеткізіп, Қытайға 5 млрд текше метр экспорттады. Сонымен қатар Қазақстан кейбір өңірлерді қамтамасыз ету үшін газ импортын да сақтап отыр. Бұл елдегі газ тапшылығының себебі қордың аздығында емес, тауарлық газ көлемінің жеткіліксіздігі мен өңірлік газ инфрақұрылымының ерекшеліктерінде екенін көрсетеді.
Түйіндесек, жыл сайын ондаған миллиард текше метр газ өндіргенімен, оның жартысына жуығы мұнай өндіруді қолдау үшін қайта қабатқа айдалады, тағы едәуір бөлігі өндірістің өз қажетіне жұмсалады. Соның салдарынан ішкі нарыққа өндірілген газдың үштен біріне жуығы ғана жетеді. Сондықтан Қазақстан үшін негізгі міндет газ өндіру көлемін арттыру емес, өндірілген газдың коммерциялық үлесін көбейтіп, оны ішкі нарыққа жеткізу болып отыр.