Қазақстанның Каспийдегі Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған 2,356 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды қолма-қол өндіріп алудың орнына, оны халықаралық мұнай-газ компанияларының акцияларына айырбастау қажет деп есептейді «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдинов. Бұл туралы сарапшы телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Айыппұлды акция түрінде алған тиімдірек»
Сарапшының пікірінше, мұнай өндіруші елдер сыртқы қауіп-қатерден айтарлықтай шығынға ұшырағанымен, халықаралық мұнай компаниялары мұндай тәуекелдерді өздерінің әртараптандырылған жобалары арқылы оңай өтейді.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Парсы шығанағы елдерінен мұнай жеткізілімі қысқарғаннан кейін әлемдік мұнай бағасы өсті. Соның нәтижесінде ірі мұнай компанияларының акциялары да қымбаттап, олардың капитализациясы артқан.
«Мен Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компанияларының акцияларын үнемі бақылап отырамын. КҚК-ға жасалған шабуылдар, танкерлердің атқылануы немесе Қашағандағы 4,6 млрд долларлық экологиялық айыппұл сияқты оқиғалар олардың акция бағасына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Заңдық әрі корпоративтік тұрғыдан мұндай шешімді жүзеге асыру оңай емес. Дегенмен ұзақ мерзімді перспективада экологиялық айыппұлды ақша күйінде емес, осы компаниялардың акциялары түрінде алған дұрыс болар еді. Алынған активтердің негізгі бөлігін Ұлттық қорда сақтауға болады», – деп жазды Байділдинов.
Мұнай алпауыттарының акциялары қалай қымбаттады
Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы бір жылда Қазақстандағы ірі жобаларға қатысатын компаниялардың акциялары айтарлықтай өскен:
- ExxonMobil – соңғы бір айда 15%-ға, бір жылда 42%-ға өскен;
- Chevron – бір айда 14%-ға, бір жылда 26%-ға;
- ENI – бір айда 12%-ға, бір жылда 57%-ға;
- Shell – бір айда 2%-ға, бір жылда 26%-ға;
- TotalEnergies – бір айда 10%-ға, бір жылда 48%-ға қымбаттаған.
Байдильдиновтың айтуынша, Қара теңіздегі ұшқышсыз ұшу аппараттары мен теңіз дрондарының шабуылынан Қазақстан экспорттық табысынан айырылып жатқанымен, халықаралық корпорациялар бұл шығынды басқа елдердегі өндіріс көлемі мен мұнай бағасының өсуі есебінен өтеп отыр.
«Біз КТК-ға жасалған шабуылдар салдарынан валюта түсімі мен салықтан қағылып жатырмыз. Ал шетелдік мұнай компаниялары халықаралық жобаларының арқасында мұндай тәуекелдерді оңай еңсереді. Сондықтан, кем дегенде, Ұлттық қордың инвестициялық стратегиясы арқылы бұл шығындардың орнын толтыруға болатын еді», – дейді ол.
Қашағандағы экологиялық айыппұл дауы қалай басталды
Даудың негізі 2022 жылы жүргізілген экологиялық тексерудің қорытындысына байланысты қалыптасты. Атырау облыстық экология департаменті Қашаған кен орнында рұқсат етілген 773 мың тоннаның орнына 1,7 млн тонна күкірттің артық сақталғанын анықтап, сотқа талап-арыз берген.
2026 жылдың наурыз айында Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов бірінші сатыдағы сот Қазақстанның пайдасына шешім шығарғанын, ал NCOC акционерлері бұл шешімге апелляциялық шағым түсіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар консорциум құрамындағы компаниялар Қазақстанның Франция және Нидерландпен жасалған инвестициялық келісімдері аясында халықаралық арбитражға жүгінді.
Маусым айында Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Жоғарғы соттағы іс аяқталуға жақын екенін айтып, мемлекет жақын арада NCOC-тан 2,356 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды өндіріп алуы мүмкін екенін хабарлады.
Шілде айында Даниэль Ваисов консорциумға айыппұлды 20 шілдеге дейін төлеу талабы қойылғанын, әйтпесе мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылатынын мәлімдеген болатын. Кейін NCOC БҰҰ жанындағы UNCITRAL арбитражы Қазақстанның айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу мүмкіндігін уақытша шектегенін хабарлады.
Одан кейін Reuters агенттігі Қазақстан NCOC-тың мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салғанын жазды.
Айта кетейік, Қашаған кен орны North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы арқылы игеріліп жатыр. Оның акционерлері қатарында «ҚазМұнайГаз», Shell, TotalEnergies, ENI, ExxonMobil, CNPC және Inpex бар. Консорциум жобаға шамамен 60 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған.