Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының басшысы Ерлан Батырбеков Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құны, жобаны Өзбекстандағы атом электр станциясымен салыстыру және Балқаш маңында станция салуға дайындық жұмыстарының барысы туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл – әртүрлі деңгейдегі технологиялар»
Кейінгі күндері әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Қазақстан мен Өзбекстандағы АЭС жобаларының құны қызу талқыланып жатыр. Әсіресе қазақстандық жобаның неге қымбат екені көпшіліктің сұрағына айналған. Ерлан Батырбековтің айтуынша, екі жобаны бастапқы жарияланған бағасы бойынша салыстыру дұрыс емес.
«Ең алдымен, бастапқыда жарияланған құны бойынша бұл екі жобаны салыстыру кем дегенде дұрыс емес екенін айтқым келеді. Әңгіме Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған “Ленинград жобасындағы” ВВЭР-1200 энергоблоктары мен Өзбекстан таңдаған екі ВВЭР-1000 реакторы және әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын екі РИТМ-200Н реакторы негізіндегі жоба туралы болып отыр», – деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан таңдаған ВВЭР-1200 реакторы – қазіргі заманғы, халықаралық деңгейде сұранысқа ие жоба.
«Қазақстан үшін Санкт-Петербург инженерлері әзірлеген, еуропалық қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкес келетін ВВЭР-1200 жобасы таңдалды. Бұл – “Росатом” мемлекеттік корпорациясының әлем бойынша ұсынылып жатқан флагмандық, толық пысықталған әрі референттік жобасы», – деді Батырбеков.
Ол мұндай реакторлардың Мысырдағы «Эль-Дабаа», Венгриядағы «Пакш-2», сондай-ақ Қытайдағы «Тяньвань» және «Сюйдапу» атом электр станцияларында қолданылып жатқанын атап өтті.
Батырбеков ВВЭР-1000 реакторларының нашар емес екенін, алайда олардың басқа технологиялық кезеңге жататынын айтты.
«Бұл ВВЭР-1000 реакторлары нашар дегенді білдірмейді. Дұрысы, олар атом машина жасау саласының әртүрлі кезеңдері мен технологиялық даму деңгейлеріне жатады деп айтуға болады», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық ядролық орталық басшысы түпкілікті есепте Қазақстан мен Өзбекстандағы жобалардың құны шамалас болуы мүмкін екенін жеткізді.
Балқаш маңындағы құрылысқа дайындық жүріп жатыр
Ерлан Батырбековтің мәліметінше, Қазақстандағы жоба халықаралық консорциум арқылы жүзеге асырылады. Консорциумға «Росатом» жетекшілік етеді.
«Қазақстанда жоба “Росатом” мемлекеттік корпорациясы жетекшілік ететін халықаралық консорциумның күшімен іске асырылады. Бұл жоба аясында өзге де жеткізушілерден жабдық алу қарастырылған», – деді ол.
Оның айтуынша, баяу жүретін бу турбинасын жеткізуші ретінде француздық Arabelle компаниясы қарастырылып отыр. Сондай-ақ Қытай мен Корея өндірушілерінің жабдықтары да пайдаланылуы мүмкін.
Батырбеков АЭС құны тек реактор құрылысына ғана кетпейтінін атап өтті.
«Алдын ала бағалау бойынша шамамен 14,4 млрд доллар екі энергоблоктың құрылысына жұмсалады. Тағы шамамен 2 млрд доллар физикалық қорғау жүйесін құруға, пайдалану кепілдігі кезеңіне арналған ядролық отын сатып алуға, сондай-ақ қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қарастырылған», – деді ол.
Сонымен бірге ол Өзбекстандағы жобаның нақты қаржылық моделі жарияланбағанын айтып, бұл да бағалар айырмашылығына әсер ететінін жеткізді.
«Несиелеу шарттары қандай? Меншікті және қарыз капиталының арақатынасы қандай? Пайда нормасы мен валюта бағамдары қалай есептелген? Осы экономикалық факторлардың барлығы, әсіресе несиені қызмет көрсету құны, АЭС-тің соңғы бағасына түбегейлі әсер етуі мүмкін», – деді Батырбеков.
Ұлттық ядролық орталық басшысы қазір Балқаш маңында инженерлік-іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылдың тамыз айында Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан үш ықтимал алаңды зерттеу басталған.
«Мамандар қазірдің өзінде ауқымды жұмыс атқарды: инженерлік-геодезиялық, экологиялық-ландшафтық, гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіп, мәдени мұра нысандарын да зерделеді», – деді ол.
Қазір мамандар аэрометеорологиялық және гидрологиялық жағдайларды бір жыл бойы бақылау циклін жүргізіп жатыр. Осы зерттеулер толық аяқталғаннан кейін «Балқаш» АЭС-інің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлене бастайды.