TOP-1Сараптама

Қазақстан «жасыл экономикаға» қаншалықты жақындады

ЭКСПО-дан суперкомпьютерге дейін жолды саралаймыз

2017 жылы «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен жарты триллион теңгеден астам қаражатқа ЭКСПО көрмесін өткізген Қазақстанда «жасыл энергетика», «жасыл экономика» деген ұғымдар бұрынғысынан да өзекті бола түскен. Өйткені 10 жылға жуық уақыт бұрын айтылған өршіл ұрандар мен ел экономикасының беталысы, жаһандық трендтер қабысып кете алмады. Жасанды интеллектінің дамуы, цифрланған экономика электр қуатына деген сұранысты адамзат күтпеген қарқынмен ушықтырып барады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Осы бәсекенің көш соңында қалмау үшін Қазақстан да өз экономикасы мен саясатын, энергетика теңгерімін жаңа талаптарға икемдеп жатыр. Астанаға Орталық Азиядағы ең үлкен суперкомпьютер орнатып, Екібастұз даласында деректерді өңдеу орталықтарын салу жобасы осы мақсатқа айқын дәлел. Бұл сияқты заманауи бастамалар ауқымды қуат өзін қажет етеді. Ал Қазақстан қазірдің өзінде тұтынатын электр қуатының бір бөлігін Ресейден импорттап отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері «жасыл экономика» саясаты белгілі бір нәтиже бергенмен, өнеркәсіптік қалдықтарын қайта өңдеу, су ресурстарына түсетін жүктеме әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын көрсеетеді.

2011 жылы Қазақстанда өндірілген электр энергиясының небәрі 9,1%-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14,85%-ға жетті. Он үш жылда жаңартылатын энергияның үлесі шамамен 1,6 есе өскен. Бұл өсім негізінен жел және күн электр станцияларының іске қосылуымен байланысты. Бүгінде жел электр станцияларының үлесі шамамен 3,8%, ал күн электр станцияларының үлесі 1,6% болды.

Қалдықтарды басқару саласында да елеулі ілгерілеу байқалады. 2015 жылы елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың небәрі 1,8%-ы қайта өңделсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 25,9%-ға дейін өсті. Басқаша айтқанда, қайта өңдеу деңгейі тоғыз жыл ішінде 14 еседен астам артқан.

Елде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері суды тиімді тұтыну мәдениеті біртіндеп жақсарып келеді. 2015 жылы бір текше метр суды пайдалану арқылы экономикада 1826 теңгенің өнімі өндірілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2438 теңгеге жетті.

Таза көмір және АЭС

«Жасыл экономикаға» көшу әуелде дәстүрлі қуат көздерінен бас тартып, жаңа өздерге басымдық беру ретінде қабылданды. Еуропа Одағы көтерген «карбон салығы» сияқты бастамалар көмір, мұнай сияқты дәстүрлі қуат көздеріне бай елдердің өзін ойлантып тастаған. Бұл талаптар қуатты дәстүрлі көздерден барынша зиянсыз тәсілмен алуға мүмкіндік беретін технологияларды алға оздырды. Кемінде 300 жылға жететін көмір қоры бар Қазақстан үшін бұл технологиялар қосымша көкжиек деуге болады.

Осы жолда жаңа энергетика нысандарын салу және жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын жаңғырту кезінде «таза көмір» технологияларын енгізу жоспарланған. Мұндай шешім көмір жаққан кезде ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін қысқартып, станциялардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Көкшетау мен Өскеменде, Семейде «таза көмір» жағатын жылу-электр орталықтары салынбақ. Курчатов пен Екібастұздағы ірі электр стансалары да «таза көмірге» көшеді.

– Көмір өндіруден толық бас тарту жақын арада экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Оның орнына озық технологияларды пайдалану арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсіл іске асырылады, – деген болатын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Қазір Қазақстандаы алғашқы атом электр стансасының құрылысына дайындық жүріп жатыр. Оның жобалық қуаты ішкі нарықтағы электр энергиясына деген сұраныстың шамамен бестен бірін қамтамасыз етуге жеткілікті болады деген есептер бар. Бұл қуатқа тапшылықты бәсеңдетіп қана қоймай, көмір генерациясына түсетін жүктемені біртіндеп азайтады. Алғашқы АЭС жобасымен қатар келесі екі АЭС құрылысына инвестор іздеу басталып кеткен.

Осылайша Қазақстанның «жасыл экономикаға» бастаған жорығы ЭСПО-2017 сияқты имиджі іс-шаралар ауқымынан ойысып, прагматикалық инвестициялық жобаларға арқа сүйеп тұр.

Back to top button