ЖаңалықтарЭкономика

Қазақстан екі банктен 154,7 млрд йен қарыз алады: Мәжіліс келісімді ратификациялады

Ұсынылып отырған келісімдерге сәйкес, тартылған қарыздар бойынша міндеттемелер бекітілген қаржылық шарттарға сай республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТАКИЕВ ТАНЫСТЫРҒАН ҚҰЖАТ

Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (“Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі” даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) және Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялады. Құжатты Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.

“Президенттің биылғы 15 мамырдағы және 15 маусымдағы жарлықтарына сәйкес жалпы сомасы 154,7 млрд жапон йенасын құрайтын Қарыз туралы келісімдерге 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылды. Жапон йенасы валютасын таңдаудағы негізгі себебі, Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және теңге мен жапон йенасы арасындағы тығыз байланысқа негізделеді. Бұл қаражат экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруды қоса алғанда, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Аталған Банктердің қарыздары 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзімімен беріледі”, – деді ведомство басшысы.

ҚАРЫЗ ҚАЛАЙ ӨТЕЛЕДІ

Тартылатын қарыздар бойынша міндеттемелер ұсынылып отырған Келісімдерде бекітілген қаржылық шарттарға сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетіні айтылған.

“Жалпы тартылған инвестициялар сәйкесінше 10,7 млрд және 1,1 млрд долларға жетті. Сонымен бірге, бүгінде Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлардың нақты деңгейі рұқсат етілген мәндер шегінде тұрғандығын атап өткен жөн. Еліміздің қаржылық орнықтылығы жетекші рейтингтік агенттіктер берген, тұрақты болжамы бар жоғары кредиттік рейтингтермен расталып отыр. Ірі халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары, мемлекетіміздің борыш деңгейін – басқаруға болатын “төмен” деңгейде деп бағалап отыр. Бұл ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін мүмкіндік береді”, – деді Такиев.

Back to top button