«Қазақмыс» кенішіндегі жеті кеншінің қазасына қатысты іс сотқа жетті
Ұлытау облысында «Жомарт» кенішінде жеті кеншінің қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іс бойынша кәсіпорынның үш қызметкері сот алдында жауап береді. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша айып тағылған.
Қылмыстық істі Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық сотының судьясы Назарбек Күзенбаев қарайды. Негізгі сот отырысы 3 шілдеге белгіленген.
Бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде қаза тапқан кеншілердің бірінің ағасы тергеліп жатқан қайғылы оқиғаға байланысты қоғамға үндеу жасағанын хабарлаған болатын.
Еске салайық, Үкімет «Жомарт» кенішіндегі апатқа жұмыс беруші толықтай кінәлі деген қорытынды шығарған еді.
Үкіметтің мәліметінше, апат жарылыстан қорғалмаған электр жабдығын пайдалану салдарынан газ-ауа қоспасының тұтануынан болған. Сондай-ақ тектоникалық бұзылыс салдарынан тау жыныстарының жарықтарынан метан қауіпті мөлшерде бөлінген.
Апатқа желдету жүйесінің тиімсіз жұмысы, шахтадағы метан деңгейін уақытылы бақыламау және жауапты тұлғалардың өндірістік қауіпсіздікке тиісті бақылау жүргізбеуі де себеп болғаны айтылды.
Еске сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде тау жыныстары құлағаннан кейін бір топ жұмысшымен байланыс үзілген болатын. Келесі күні жеті кеншінің де мәйіті табылды.
Алғашында «Қазақмыс» корпорациясы қайғылы оқиғаға табиғи газдың жарылысы себеп болуы мүмкін деген болжам айтқанымен, кеніштің опырылуы туралы нұсқаны жоққа шығарған еді. Оқиға орнына Үкімет комиссиясы мен Төтенше жағдайлар министрі барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Кейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев апаттың нақты себептері он күн ішінде жарияланатынын мәлімдеген болатын.