«Қазақ отбасылары әлі талай жылайды»: психоаналитик қоғамдағы зорлық мәселесін көтерді

Психоаналитик Анна Құдиярова әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, соңғы уақытта тұрыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған қыз-келіншектер, соның ішінде Меркідегі Мадинаның өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Пышақпен нан кесуге де, адам өлтіруге де болады»
Психоаналитиктің айтуынша, агрессия болған, агрессия бар, агрессия бола береді.
«Агрессиясы жоқ адам болмайды. Жаңа туған сәбиде агрессия болмаса ол ары қарай өмір сүріп кете алмайды. Агрессия деген – күш. Жұмысқа бару үшін, қарым-қатынас құру үшін, оқу үшін де күш керек. Күштің жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Пышақпен нан кесуге де, адам өлтіруге де болады. Пышақты дұрыс мақсатта қолдануды білу – психологиялық сауаттылық. Агрессияңызды 100% деп алсақ, оның қанша пайызын дұрыс бағытта қолданып жатырсыз? Осы туралы ойлануымыз керек», – дейді Анна Құдиярова.
«Психологтың өзі психологтан қашса – басқадан не қайыр?»
Маман осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары әлі де жалғасын таба береді, себебі қоғамда психологиялық сауат жеткілікті деңгейде артқан жоқ екенін айтты.
«Қазақ отбасылары, әлі талай жылайсыздар, себебі психологиялық сауатты жеткілікті деңгейде арттырып жатқан жоқсыздар. Қазір шәкірттерім жаз бойы тегін топтық терапия, ал өзім тегін супервизиялар өткізіп жатырмын. Соған топырлап келіп жатқан жоқсыздар, кезекте тұрған жоқсыздар. Психологтардың өзі супервизиядан қашса – басқадан не қайыр күтеміз? (Супервизия – тәжірибесі аз психологқа тәжірибесі көп психолог бағыт-бағдар беретін шара) », – дейді психоаналитик.
«Мадинаның анасы қателігін түсініп отырған жоқ»
«Мадинаның анасына жаным ашиды, бірақ сол әйел «Жаным ауырып отыр, өз қателігімді түсіндім» деп отыр ма? Сұхбат бергенде Мадинаға 700 мыңдап ақша берген екен. Сонда неге «Қызым, шырылдап жатырсың. Қарым-қатынасың шайқалып жатыр. Үйге зат алғаннан пайда жоқ. Осы ақшаға психологқа барсаң қалай болады?» дейтін ана бар ма? Әлі ХХV ғасырда өмір сүріп жатқандай әсер. Шаңырақ шайқалып жатқан кезде жиһаз алғаннан, бес бала тапқаннан пайда жоқ. Ал психологқа барса ол әйелін және күйеуін отырғызып қойып әңгімелеседі, кикілжіңді сөзбен шешуге бағыттайды», – дейді ол.
«Жігітке де жаным ашиды»
Психоаналитик Мадинаның күйеуін де аяйтынын айтты.
«Мен жігітке де жаным ашиды. Ол неге ондай әрекетке барды? Неге өзінің агрессиясын игере алмай қалды? Неге осындай қиын жағдайдың алдын алып, маманға барып, ішіндегісін шығармады екен. Менің ойымша, Мадинаның да, оның жолдасының да отбасы психологиялық сауаттылықтан өте алыс.», – дейді маман.
«16-17 жаста отбасы құрам деген жасөспірімді ата-анасы тоқтату керек»
Ол Мадинаны алып-қашуға қатысты пікірін айтты.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 21 жасқа дейінгі адамды жасөспірім деп бекітті. Мадинаның 16-17 жаста алып қашса, ол өз еркімен сол шаңырақта қалса да жауапкершілік оның ата-анасында. Мүмкін бұл жерде «Ұят болады» деген жалған намыс рөл ойнап кеткен шығар. 16-19 жас аралығында адамның гормоны ойнап тұрады, ол табиғи құбылыс. Ондай кезде жасөспірім төсек қатынасына барып қоюы мүмкін. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: жасөспірім кездеріңізде ғашық болу сезімі болды ма? Махаббат пен ғашықтық екі түрлі сезім. Махаббатыңызға қосылсаңыз аққудай бірге жүріп, бірге қартаярсыз. Ал ғашықтық сезімі – гормондардың ойнауының нәтижесі, ол уақытша күй. Ғашық болдым екен деп үйленуге асықпау керек, ойлануға уақыт керек, оны тоқтататын әке мен шеше керек», – дейді ол.
«Ұяда не көрді – ересек өмірде сол қайталанады»
Анна Құдиярова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары сол оқиғаға тап болмай тұрып, өзінің кабинетіне келсе – не туралы сөйлесетінін айтты.
«Мен алдымен балалық шағы туралы сұрар едім. Мысалы, Мадина тату-тәтті, ұрыс-керіссіз, агрессиясыз отбасыда өскен жағдайда жолдасы алғаш қол көтерген кезде-ақ шара қабылдап, мүмкін қашып кетер еді немесе туған-туысқандарын шақырып талқылар еді. Ол неге шыдады? Үйдегі болған нәрсеге үйренген адам екінші отбасыдағы соған ұқсас жағдайға шыдап жүре береді. Оның күйеуінің жағдайы да мәз емес. Оның ата-анасында агрессия болған сияқты. Ата-анасының қорлығын, агрессиясын көрмеген бала басқа адамға қол көтере алмайды. Ал психологиялық ауытқушылығы болса – ол басқа әңгіме. Әлеуметтік желідегі сурет, видеоларында оның ауытқушылығы бар екені байқалмайды, бірақ агрессиясын басқара алмағаны анық», – дейді ол.