ЕрекшеҚоғам

Қазақ мектебін ашуды талап еткен белсенді қамалды: депутат сот қаулысын заңсыз деп атады

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Алматыда жаңадан ашылатын №215 мектептің аралас емес, қазақ мектебі болып ашылуын талап еткені үшін қамалған белсенді Дархан Ардақұлына ара түсті. Ол бұл іске бей-жай қарай алмайтын адамдарды апелляциялық сотқа белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Депутаттың жазуынша, сот қаулысы заңсыз ғана емес, сонымен қатар қоғамда араздық тудыруға бағытталған провокациялық сипатқа ие.

«Бүгін әрең дегенде Дархан Ардақұлына қатысты сот қаулысы қолыма тиді. Онымен таныса отырып, оның мүлдем заңға қайшы екенін көруге болады. Дарханды бар болғаны «215 мектепке барамыз» деген бір ауыз сөзі үшін қамауға алған! Сот мұны «митингке шақыру» деп бағалап отыр», – дейді ол.

Депутат сот қаулысынан үзінді келтірді. Онда «2025 жылы 19 тамызда Д.Ардақұлы жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз… бейбіт жиналыс өткізуге шақыруды ұйымдастырған, яғни ол «TikTok» әлеуметтік желісі арқылы «20.08.2025 жылы №215 мектепке барамыз» деген мәтінді жариялағаны анықталды» делінген.

«Осы сөздің өзінен-ақ сот шешімінің қаншалықты жасанды әрі негізсіз екені анық көрінеді. Дархан сотта «ешкімді митингке шақырмағанын» айтқан, алайда сот оны елемеген. Дархан – елбұзар, тәртіпсіз адам емес, қарапайым мектеп мұғалімі, ұстаз. Екі баланың әкесі. Оның бір ауыз сөзіне бола қамауға алу – заңсыз ғана емес, ар-ұятқа да сыймайды. Менің адвокаттық тәжірибемде халықты сот отырысына келіп қолдауға талай рет шақырған жағдайлар болды. Қазақ тілі мәселесіне қатысты сот залдары халыққа лық толған кездер де бар. Бірақ мені ешқашан «митингке шақырды» деп айыптаған емес. Мәжілісте де бізге әртүрлі мәселе бойынша азаматтар топтасып келеді. Киік мәселесі болсын, есірткі қылмысы болсын — халық жиналып, талап қояды. Оларды ешкім «рұқсатсыз митингке қатысты» деп жауапқа тартқан емес», – деп жазды Абзал Құспан.

Абзал Құспан бұл жерде қарапайым заң білмеушілік немесе қателік емес, әдейі жасалған әрекет байқалатынын жеткізді. Алматы – протестік әлеуеті жоғары қала. Қаржылық тұрғыдан да белсенді топтары бар.

«Дәл осы топтардың тапсырысын Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы мен прокуратурасы орындап отырсада таң қалмаймын. Маңызды ескерту: Қазақ тілі мәселесі – эксперимент жасайтын, саяси ойынға айналдыратын тақырып емес! Кейбір азаматтар мұндай сот шешімдерін «Ақорданың ресми саясаты» деп түсініп, ашуға булығып жатыр. Бұл – қате!. Әкімшілік соттарда күн сайын мыңдаған іс (ішімдік ішкендер, төбелес, жол апаты т.б.) қаралады. Оның бәрін Ақорда жеке-жеке бақылап отырмайды. Тағы бір айта кетер жайт – Дарханның сотта адвокаты болмаған. Сол себепті мен Алматы қаласының белгілі адвокаты, тіл жанашыры Мейірман Шекеевке (Meir QZ) өтініш жасадым. Ол қорғауды өз мойнына алуға келісті», – дейді адвокат.

Енді заңға сәйкес, Дарханның туыстары адвокатпен ресми келісім-шарт жасасуы қажет. Дарқан 15 тәулікке қамалғанымен, бұл оқиға қазақ қоғамының назарын мектептегі тіл мәселесіне бұрып отыр. Қазір Алматыдағы қазақ тіліндегі мектептердің үлесі небәрі 22% екені белгілі болған. Бұл мәселе алдағы уақытта Парламент деңгейінде талқыланатын болады.

«Сондықтан Дарханның тағдырына бей-жай қарамайтын барша ағайынды оның апелляциялық сотына белсенді қатысуға шақырамын!», – деп жазды депутат.

БЕЛСЕНДІНІҢ ҚАМАЛУЫ

Алматыда мектеп дауынан кейін тіл белсендісі 15 тәулікке қамалған. Алматы қалалық әкішілік соты Бостандық ауданында ашылайын деп жатқан мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамады.

“Мені 15 күнге соттап жіберді, 488 бап, 7 тармақ бойынша “мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. #215 мектеп қазақ болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін” деп жазды белсенді.

Сот шешімінде 19 тамызда Дархан Ардақұлы “бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы” заңды бұза отырып, жергілікті органның рұқсатынсыз бейбіт жиналыс өткізуге шақырғаны” жазылған. Белсенді сотта айыппен келіспеген.

Белсенділер мен ата-аналардың сөзінше, Бостандық ауданында биыл ашылайын деп жатқан жаңа N215 мектеп бастапқыда қазақ тілінде ашылады деп хабарланған, бірақ ашылуы әбден тақалған кезде жергілікті билік өкілдері “айнып қалған”. Facebook-та тараған видеолардың бірінде белсенділер бұл ықшамауданда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп барын, балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар мектеп таппай қиналып отырғанын айтады.

Back to top button