TOP-2Жаңалықтар

Қарызы 5 трлн теңгеге жуықтаған ҚТЖ-ға жаңа басшы тағайындалды

«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып Елжас Отыншиев тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа қызметке дейін ол «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып жұмыс істеп, экономиканың негізгі салаларындағы портфельдік компаниялардың қызметіне жетекшілік еткен.

Елжас Отыншиев жайлы

Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бастап, бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінде кеңесші қызметін атқарған.

2009-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Ал 2021–2023 жылдары Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) қорында басшылық қызметтер атқарып, инвестициялық портфельді басқару бағытына жетекшілік етті. 2023 жылдың сәуір айынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-ның стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен өнеркәсібі және экономиканың өзге де салаларындағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.

2024 жылдың ақпан айынан бері Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына кіреді. 2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ҚТЖ-ның қарызы туралы не белгілі

Осыған дейін ұлттық компанияны Талғат Алдыбергенов басқарған.

Бұған дейін 4,7 трлн теңге берешегі бар ҚТЖ тағы 260 млн доллар қарыз тартқан болатын. ҚТЖ 1,18 млрд юань көлемінде облигация орналастырса, «ҚТЖ Express» тағы екі транш аясында 610 млн юань тартты. Осылайша, «Самұрық-Қазына» тартқан қарыздың басым бөлігі ҚТЖ-ға бағытталып отыр. Барлық облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 4,2% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2028 жылдың желтоқсанынан 2029 жылдың сәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.

Барлық облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 4,2% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2028 жылдың желтоқсанынан 2029 жылдың сәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.

Нарық сарапшылары бұл мәмілені «Самұрық-Қазына» қорының Қытайдың ішкі нарығында орналастырған панда-бондтарды ұлттық компаниялар арасында қайта бөлуі деп бағалады. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» алғаш рет Қытайдың ішкі нарығында 3 млрд юань көлемінде панда-бонд шығарып, AIX биржасы оны Орталық Азияға берілген ең арзан қарыз деп сипаттаған.

Back to top button