Қарызға батқан ҚТЖ-ның басшысы қызметінен кетті
Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ШЕШІМДІ КІМ ҚАБЫЛДАДЫ
Тиісті шешімді компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қабылдады. Ал қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі.
Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылдың шілде айында тағайындалған болатын. Ол бұл лауазымда бір жылға жуық еңбек етті.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін 4,7 трлн теңге берешегі бар ҚТЖ тағы 260 млн доллар қарыз тартқан болатын. ҚТЖ 1,18 млрд юань көлемінде облигация орналастырса, «ҚТЖ Express» тағы екі транш аясында 610 млн юань тартты. Осылайша, «Самұрық-Қазына» тартқан қарыздың басым бөлігі ҚТЖ-ға бағытталып отыр.
Барлық облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 4,2% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2028 жылдың желтоқсанынан 2029 жылдың сәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.
Барлық облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 4,2% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2028 жылдың желтоқсанынан 2029 жылдың сәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕДІ
Нарық сарапшылары бұл мәмілені «Самұрық-Қазына» қорының Қытайдың ішкі нарығында орналастырған панда-бондтарды ұлттық компаниялар арасында қайта бөлуі деп бағалады. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» алғаш рет Қытайдың ішкі нарығында 3 млрд юань көлемінде панда-бонд шығарып, AIX биржасы оны Орталық Азияға берілген ең арзан қарыз деп сипаттаған.