
QazaqGaz Қарашығанақтағы зауытқа еурооблигация арқылы 700 млн доллар тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қарашығанақ операторлары зауыт құрылысына мемлекеттен қосымша 1 млрд доллар сұраған болатын.
Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы QazaqGaz ұлттық компаниясы 700 млн доллардың еурооблигациясын шығарғанын хабарлады. Қарыздың мерзімі – 10 жыл (ылдық купондық мөлшерлемесі – 5,625% болса).
Операцияға Citi мен J.P. Morgan бірлескен жаһандық үйлестіруші болғаны да айтылды. Ал жергілікті жетекші менеджер ретінде Halyk Finance, қосалқы менеджер ретінде Freedom Broker әрекет еткен.
Бұған дейін Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытын Қазақстан тарабы өз күшімен салатыны айтылған. Үкімет жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін кәсіпорын салуды QazaqGaz-ға жүктеген. Ал жобаға қажет қаражаттың бір бөлігін ұлттық компания еурооблигация шығару арқылы тартылатынын да мәлім болған.
Әуелде бұл зауытты Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан консорциум акционерлері салу керек еді. Алайда былтыр жазда Энергетика министрлігі екі жыл бойы тыңғылықты жүргізілген келіссөз нәтиже бермегенін ресми мәлімдеген.
“Зауыттың жобалық қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдейді деп жоспарланған. Қазақстан ол жобаға жан-жақты қолдау көрсетіп бақты. Алайда Қазақстан келіссөз қорытындысы бойынша акционерлер қойған шарттарды экономикалық тұрғыдан қабылдауға келмейді деп таныды. Оның ішінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салуға кеткен шығынның 100 пайыз өтеміне қосымша 1 млрд АҚШ долларын төлеу шарты болды, – делінген министрлік мәліметінде.
Мұндағы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумына Shell (29.25%), Eni (29.25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13.5%), ҚазМұнайГаз (10%) иелік етеді.
Кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов зауытты салуға 2,5 млрд долларда қаражат керектігін айтқан.