«Қара Бүркіт» емес: Сәрсемалиев Жезқазғандағы колонияға ауыстырылды
Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиев 19 қыркүйекте Жезқазғандағы №62 колонияға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақ Жайық интернет-басылымының мәліметінше, қазір дәл осы колония өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстауға қайта жабдықталып жатыр.
Сәрсемалиевке үкім 14 шілдеде шықты
Султан Сарсемалиевке қатысты сот үкімі 14 шілдеде шығарылған. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі. Сотталған азамат үкімге шағым түсірмеген. Осыған байланысты сот үкімі 3 қыркүйекте заңды күшіне енді.
№62 мекеме қайта бейімделіп жатыр
№62 мекеме Жезқазған қаласының өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Ол Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайды.
Бұған дейін мекеме аралас қауіпсіздік режиміндегі колония мәртебесінде болған, алайда 2026 жылы оның бағытын өзгерту жоспарланғаны белгілі болды.
ҚАЖ департаменті мұны өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарға қосымша орындар қажет болуымен түсіндірген.
Колонияда жөндеу жұмыстары басталған
Осы мақсатта мекемеде жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіле бастаған. Белгілі бір мерзімге сотталғандарды біртіндеп басқа мекемелерге ауыстырып, босатылған орындарға өмір бойына сотталғандарды орналастыру жоспарланған.
№62 мекемеде қанша адам отырғаны айтылмады
Қазіргі уақытта №62 мекемеде қанша адам жазасын өтеп жатқаны және тағы кімдердің осы колонияға этаппен жеткізілгені туралы ҚАЖ департаменті ақпарат бермеді.
Ведомство бұл мәліметтерді қызметтік ақпаратқа жатқызған.