Төрт кісінің өлімі: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына соттауды сұрады
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты қаралып жатқан іс бойынша мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушы Сарсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржановтың айтуынша, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, тұтас бір отбасының шаңырағын шайқалтқан ауыр қылмысқа айналған.
«Сарсемалиевтің әрекеті салдарынан бір отбасының төрт мүшесі қаза тапты. Іс бойынша барлық дәлел жан-жақты зерттелді. Бұл істегі ең ауыр жайттардың бірі – сотталушының осы әулеттің күйеу баласы болғаны. Марқұмдар оған сенім артқан», – деді прокурор сот жарыссөзінде.
Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.