Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базарының жаңа иесі белгілі болды
Бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы «Байсат» базары «Еуразиялық Топ» ЖШС-нің бас директоры Кудрат Шамиевтің бақылауына өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
28,6 млрд теңгеден басталған сауда
«Байсат» базарының активтері тиесілі «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің жаңа құрылтайшысы – Central Trade Management Ltd жеке компаниясы. Ашық деректерге сәйкес, компанияның жалғыз басшысы – Кудрат Шамиев.
Шамиев 2026 жылдың маусымынан бері «Еуразиялық Топ» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарады. Сонымен бірге ол Integra Construction KZ компаниясының бақылау кеңесіне төрағалық етеді.
«Байсат» базары 2026 жылғы 7 тамызда электронды аукцион арқылы 24,77 млрд теңгеге сатылды. Алайда нысанға сатып алушы бірден табылған жоқ.
Алғашқы сауда-саттық 2025 жылғы 18 қарашаға белгіленіп, базардың бастапқы бағасы 28,64 млрд теңге болған. 26 желтоқсанда өткен қайталама саудада құны 26,71 млрд теңгеге дейін төмендетілді.
2026 жылдың қаңтарында нысан тағы да сатылымға шығарылып, бастапқы баға 24,77 млрд теңгеге дейін түсті. Бірақ ол кезде де сатып алушы табылмаған. Егер базарды сату мүмкін болмағанда, оны Алматының коммуналдық меншігіне беру қарастырылған еді.
Сатыбалдыдан мемлекетке қалай қайтарылды
«Байсат» – Алматыдағы ірі көтерме-бөлшек сауда орталықтарының бірі. Мұнда жүздеген кәсіпкер сауда орындарын жалға алып жұмыс істейді.
Бұған дейін базар активтері Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанның бақылауындағы Astana Finansial Group ЖШС мен «КазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-не тиесілі болған.
Қайрат Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ол «Байсат» базарының басым бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарды. Ал оның ұлының компанияларында қалған үлес 2024 жылдың қаңтарында сот шешімімен мемлекеттік меншікке өтті.
Сот базар үлесін сату кезінде бірқатар елеулі заң бұзушылық болғанын анықтаған. Атап айтқанда, мәміле барысында төрт жыл бұрын жасалған бағалау есебі пайдаланылған. Сондай-ақ нысанның қызмет бейінін сақтау және мүлікті иеліктен шығармау жөніндегі талаптар орындалмаған.
Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға қатысы болған сауда кешені электронды аукционда 24,77 млрд теңгеге сатылғанын хабарлағанбыз.