Ақтөбеде автогаз құю станциясының аумағында көлік өртеніп, салоннан үш адамның мәйіті табылды. Олардың екеуі – кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 19 маусым күні сағат 22:55 шамасында Бөгенбай батыр көшесіндегі газ құю бекетінде болған.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына құтқарушылар жоғары шақыру дәрежесі бойынша жіберілген. Өрт сегіз минут ішінде толық сөндірілген.
Өртті сөндіру кезінде автокөлік ішінен үш адамның мәйіті табылды. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Құтқарушылар жалынның газ құю станциясының басқа нысандарына таралуына жол бермеген.
Оқиға орнында ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері мен 10-нан астам техникасы жұмыс істеді. Сондай-ақ жедел-құтқару жасағының және Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға бойынша жедел-тергеу шаралары басталды.