TOP-2ЖаңалықтарПікір

Психоаналитик: Жұмысбастылық – қоғам қолдайтын тәуелділік

«Адам неге тәуелді?» деген сұраққа ғана емес, «Тәуелділіктің осы түрі маған не үшін қажет болып тұр?» деген сұраққа да жауап іздеу керек.

Психоанализ тұрғысынан қарағанда, тәуелділік тек алкоголь, есірткі немесе құмар ойындармен ғана шектелмейді. Адам жұмысқа, қарым-қатынасқа, мойындалуға, әлеуметтік желілерге, тамаққа, сатып алуға, жетістікке және тіпті басқалардың мақұлдауына да тәуелді болуы мүмкін. Tizgin.kz тілшісі осы тақырыпта психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдияровамен әңгіме өрбітті.

Психоаналитик Анна Құдиярова кез келген тәуелділік белгілі бір психикалық қызмет атқаратынын айтты.

«Тәуелділік мазасыздық, ішкі бос кеңістік сезімі, жалғыздық, әлсіздік сезімі, жоғалтып алу қорқынышы немесе эмоциялық күйзелістер сияқты адамға көтеруге қиын болатын нәрселермен күресуге көмектеседі. Тәуелділік ішкі күйді реттеудің бір тәсіліне айналады, сол себепті психоаналитик «Адам неге тәуелді?» деген сұрақты ғана емес, «Тәуелділіктің осы түрі сізге не үшін қажет болып тұр?» деген сұрақты да қояды», – дейді ол.

Оның айтуынша, шынайы өмірде барлық тәуелділіктен толықтай ада болу мүмкін емес.

«Біз тәуелділік қатынастарында дүниеге келеміз және өмір бойы басқа адамдармен, өз қалауларымызбен, құндылықтарымызбен және байланыстарымызбен тәуелді түрде өмір сүреміз. Мысалы, әлеуметтік желілерде отырып жүрекше баса беру де – тәуелділік. Ештеңеге тәуелді болмауға тырысып, тәуелділіктен қашып жүретін адамның өзі тәуелді болып қалудан қорқу сезіміне тәуелді. Алайда адамды басқаратын тәуелділік пен саналы түрде бауыр басу арасында айырмашылық бар. Психикалық еркіндік деген – адам бойында ешқандай тәуелділіктің болмауы емес, керісінше, өзіңнің ниетіңді түсіне білу, ішкі сезімдеріңді  көтере алу және саналы түрде таңдау жасай алу қабілетінде жатыр», – дейді психоаналитик.

– Осы орайда, өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, адамды басқаратын, оның еркіндігін шектеп, денсаулығына кері әсер ететін патологиялық тәуелділіктер туралы айтып өтсеңіз.

«Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктемесіне сәйкес, денсаулық – тек физикалық емес, психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатты да қамтиды, бірақ қарапайым қызығушылық пен зиянды тәуелділіктің ара жігін қалай ажыратамыз? Хобби мен тәуелді әуестік, махаббат пен эмоциялық тәуелділік, тағамға деген талғам мен тамақтану бұзылыстары, жұмысқа қызығушылық пен шектен тыс жұмысбастылық арасындағы шекара қай жерде? Осы мәселеге тоқталып өтейін.

Тәуелділік деп адам өзі айналысып жүрген ісінен толық қанағат алмаса да, ішкі жайсыздық сезінсе де басқа іспен айналыса алмай қалатын немесе айналысқысы келмей қалатын жағдайды айтуға болады. Бұл – «тәуелді мінез-құлық» немесе «құмарлықтың бұзылысы» деп аталады. Тәуелді адам тәуелді нысанмен байланыста болғанда ғана ләззат алмайды, керісінше, сол байланыстан тыс кезде жайсыздық, қанағаттанбаушылық сезінеді. Жалпы, кез келген тәуелділіктің мәні – нақты өмірдегі қиындықтар мен мәселелерден уақытша болса да қашу. Демек, тәуелділік пен жай әуестіктің басты айырмашылығы: тәуелділік –  адамның өміріне кедергі келтіреді, айналасына ғана емес, адамның өзіне зиян тигізеді», – дейді ол.

Психоаналитиктің айтуынша, кейде қоғам адамның бір іске беріліп кеткенін «тәуелділік» деп бағалайды, себебі ол адам сол тәуелділігі арқылы қоғамның  қысымы мен ықпалынан қашады.

«Егер белгілі бір «байлану» адамның өзіне шын мәнінде зиян келтірсе – бұл толыққанды тәуелділік болып саналады. Адам бос кеңістікте емес, нақты мәселелер бар шынайы әлемде өмір сүреді: сынақтардан  сүрініп, деструктивті иллюзияларға қашатындар тәуелді адамға айналады, ал өз өмірін өзі басқарып, шешім қабылдай алатын адам қиындықтарды жүйелі түрде шешіп, алға қарай жылжиды», – дейді ол.

Маман тәуелділіктің түрлеріне тоқталып өтті.

– «Фармакологиялық (химиялық) тәуелділіктер: есірткіге тәуелділік, алкоголизм, темекі шегу, токсикомания. Мінез-құлыққа қатысты тәуелділіктер: компьютерге және ойынға тәуелділік, эмоциялық тәуелділік (махаббат, жыныстық тәуелділік), жұмысқа тәуелділік (жұмысбастылық), тағамдық тәуелділік және т.б», – дейді психоаналитик.

– Осы тәуелділіктердің ішінде жұмысбастылыққа тоқталып өтсеңіз, себебі бұл тәуелділік басым бөлігімізде бар деп ойлаймын. Әсіресе таңның қалай атып, күннің қалай батқанын білмей қалатын мегаполис тұрғындарында…

«Адам жұмысбасты болу себебін бала-шағасын, отбасын асырау үшін, несие жабу үшін және басқа да осыған ұқсас себептермен түсіндіруі мүмкін. Бұл – саналы түрде өзі түсініп тұрған бөлігі, ал психоанализ адамның ниетін, әр әрекетінің бейсаналы себебін зерттейтін сала, сол себепті бұл мәселені мен психоанализ тұрғысынан зерттеймін. Психоанализ тұрғысынан жұмысбастылық жай ғана жұмысты жақсы көру немесе жетістікке ұмтылу емес. Көп жағдайда үздіксіз жұмысбастылықтың астарында терең бейсаналы себептер жатады. Кейбір адамдар үшін жұмыс өз сезімдерімен бетпе-бет келуден қашудың тәсіліне айналады. Бұл – мазасыздық, жалғыздық, ішкі бос кеңістік сезімі, өзіне деген сенімсіздік немесе қарым-қатынастағы қиындықтар болуы мүмкін. Адам үнемі жұмыспен айналысып жүргенде, өзіне және өміріне қатысты күрделі сұрақтарды қоюдың қажеті болмай қалады.

Жұмысбастылық көбіне махаббат пен мойындауға лайық болуға деген бейсаналы қажеттілікпен байланысты болуы да мүмкін. Адамның ішінде: «Мені тек пайдалы, табысты және өнімді болған кезде ғана бағалайды» деген сенім өмір сүруі ықтимал. Мұндай жағдайда жұмыс арасында демалу кінә сезімін тудырады, адам өзінің құндылығын тек жетістіктерімен ғана өлшей бастайды», – дейді Анна Құдиярова.

Ол жұмысбастылық – басқа тәуелділіктерге қарағанда қоғам тарапынан құпталатын тәуелділік екенін айтты.

«Шын мәнінде шамадан тыс жұмысбасты адам – белгілі бір психологиялық мәселелері бар тұлға. Тіпті жалқау адамның өзі үйдегі мәселелерден қашып, күндіз-түні жұмыста отыруы мүмкін. Психологиялық жайсыздықтың, жарақаттың түпкі себебі көбіне сәтсіздіктен қорқу, жалғыздықтан қашу немесе, керісінше, адамдармен қарым-қатынастан қорқу сияқты нақты немесе жалған қорқыныштар болуы мүмкін.

Мысалы, менің бір клиентім ата-анасы қонаққа келгенде олармен уақытты қалай өткізу керегін білмей, жұмысына қашып кетеді, бөлмесіне кіріп алып, құжаттардың арасына «жасырынады». Көп жағдайда жұмысбастылық – жеке өмірдегі тұрақты шиеленістен қорқу, балалармен қарым-қатынастың бұзылуы немесе жақын адамнан көңіл қалу сияқты мәселелердің салдары. Мұндайда жұмыс – қорғаныш, психологиялық қалқан қызметін атқарады, жағымсыз эмоцияларды «қайтарып тұратын» құралға айналады. Яғни, жұмысбастылық – проблемалардан қашудың қоғамға қолайлы түрі», – дейді психоаналитик.

Back to top button