TOP-2

«Полиция шындықты айту керек»: Әбенов NU пәтеріндегі «антиквар қару» жайлы айтты

Nazarbayev University аумағындағы пәтерден (Highvill тұрғын үй кешені) қарумен шетелдіктер ұсталды деген ақпаратты кеше әуелі депутат Мұрат Әбенов таратқан еді. Оның айтуынша, олар «Nazarbayev University пәтерінде» қару-жарақ арсеналымен қолға түскен. Алайда Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растамады. Полиция мәліметінше, тұрғын үй кешеніне шынымен де қару кіргізілген, бірақ оның барлығы антикварлық бұйымдар болып шыққан.

«Қырағы тұрғыннан хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері барды. Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи әрі мәдени құндылығы бар антикварлық қару заттары болғаны анықталды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, олар қазіргі заманғы атыс қаруына жатпайды. Тұрғындарға ешқандай қауіп анықталған жоқ», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Полиция бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын айтып, тұрғындарды сабыр сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырды. Сондай-ақ Nazarbayev University әкімшілігі депутаттың жазбасына пікір қалдырып, антикварлық бұйымдарды тұрғындардың бірі байқап, қателесіп оны жауынгерлік қару деп қабылдағанын мәлімдеді.

«Тексеру кезінде пәтерде XV–XVIII ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер болғаны анықталды. Бұл заттар музейлік экспонаттар болып табылады, қолданыстағы қаруға жатпайды және тікелей мақсатта пайдалануға жарамсыз. Экспонаттар Қазақстанға әуе көлігі арқылы заңды түрде жеткізілген. Барлық растайтын құжаттар бар», – делінген хабарламада.

Бүгін Tizgin.kz тілшісі Мәжіліс кулуарында осы ақпарат турасында не ойлайтынын депутаттан сұрады. Әбенов Қазақстанның заңында «антивариатты қару» деген ұғым жоқ дейді.

«Бізде тек коллекциялық қару деген бар. Оған рұқсат керек. Кез келген қаруды көшеде ұстап жүруге болмайды. Оның үстіне біреудің пәтеріне жәшікке салып апаруға болмайды. Полиция бұл жерде шындықты айту керек», – дейді ол.

Депутат антиквариат деген желеумен күні ертең көшеде мылтық ұстайтындар көбейеді деп есептейді.

Back to top button