Перизат Қайраттың тағы бір қымбат көлігі аукционға шығарылды
Аукцион 2026 жылғы 9 шілдеге жоспарланған.
Электронды сауда порталында бұрын Перизат Қайратқа тиесілі болған төртінші автокөлік сатылымға қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аукционға шығарылған көлік – тәркіленген мүліктің қатарындағы элиталық автокөліктердің бірі. Бұған дейін Перизат Қайратқа тиесілі бірнеше қымбат көлік мемлекет меншігіне өтіп, саудаға қойылған болатын
Әңгіме 2023 жылы шығарылған, VIP санатындағы 111 KPK 01 мемлекеттік нөмірі бар Mercedes-Benz EQE 500 4Matic электромобилі туралы болып отыр. Лот туралы мәліметке сәйкес, автокөліктің бастапқы бағалау құны 26,269 миллион теңгені құрайды.
Сипаттамада көліктің кузовында бірқатар зақым бар екені көрсетілген: сол жақ есік, сол жақ артқы көрініс айнасы, жүргізуші есігінің әйнегі, сол жақ қанаты, бампердің бір бөлігі, табалдырығы және сол жақ фарасы бүлінген. Сонымен қатар, автокөліктің техникалық жағдайын тексеру мүмкін еместігі айтылған.
Сатушы ретінде Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көрсетілген. Аукцион 2026 жылғы 9 шілдеге жоспарланған.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі оның элиталық жылжымайтын мүлкіне, автокөліктеріне және зергерлік бұйымдарына тыйым салынғанын хабарлаған болатын. Сол кезде ведомство тәркіленген мүліктің бейнежазбасын жариялап, онда басқа заттармен бірге 111 KPK 01 мемлекеттік нөмірі бар Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін де көрсеткен еді.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков Перизат Қайраттың қымбат көліктері не себепті мемлекеттік органдарға өткенін түсіндіріп берген еді.