ГеосаясатЖаңалықтар

Пентагон Ирандағы соғысқа қаржы жетпей жатқанын мәлімдеді

АҚШ қорғаныс министрлігі Иранға қарсы әскери операцияларды жалғастыру үшін қосымша 88 млрд доллар қаржы сұрап отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрі Пит Хегсет Сенаттағы тыңдау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ирандағы операцияға қанша ақша жұмсалды

Пит Хегсеттің айтуынша, Иранға қарсы әскери іс-қимылдарға осы уақытқа дейін 37,5 млрд доллар жұмсалған. Министрдің сөзінше, әскери операцияларды жалғастыру және оқ-дәрі қорын толықтыру мақсатында Пентагон қосымша 88 млрд доллар көлемінде қаржыландыру сұраған. Оның ішінде 67,1 млрд доллар тікелей Ирандағы әскери операцияларға бағытталмақ.

Сенаттағы тыңдау соғыс қайта күшейген тұста өтті

Сенаттағы тыңдау қысқа мерзімді бітімнің бұзылып, Иран мен АҚШ арасындағы әскери іс-қимылдардың қайта жандануы аясында өтті.

Тыңдау барысында сенаторлар әкімшіліктен не себепті Конгрестен соғыс жүргізуге ресми рұқсат (War Powers Resolution) сұралмағанын сауал етті. Бұл сұраққа жауап берген Пит Хегсет Ақ үйдің АҚШ президентінің Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы ретіндегі конституциялық өкілеттіктеріне сүйеніп әрекет етіп отырғанын айтты.

Алайда бұл түсініктеме Конгресстегі сыншыларды қанағаттандырмады.

Сенат нені көздеп отыр

Ақпаратқа сәйкес, АҚШ сенаты алдағы уақытта президент әкімшілігінің әскери өкілеттіктерін шектеуге бағытталған бірқатар дауыс беруді өткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ заң шығарушылар Ирандағы операцияға нақты шығу стратегиясы ұсынылмайынша, қосымша қаржы бөлуді шектеу мәселесін де қарастыруға ниетті.

Back to top button