TOP-1Сараптама

Пара алушыдан пара беруші көбейді: құқықтық статистикадағы тосын өзгеріс нені көрсетті

Жемқорлық азайғанмен пара беру тыйылмай тұр

2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны азайған. Алайда құқықтық статистикадан коррупция фактілерінің саны азайып қана қоймай, қылмыстың құрылымы өзгеріп жатқанын көруге болады. Жалпы көрсеткіш төмендегенмен, пара алу, пара беру және лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану сияқты классикалық жемқорлық қылмыстарының саны өскен. Мұны жемқорлық тәуекелдерінің азаймағаны деп те, парақорлықпен күрестің күшейгені деп те қарауға болады. Неге мұндай үрдіс қалыптасты деген сұрақтың жауабына Tizgin.kz осы мақалада үңіліп көруге тырысты.

Құқықтық статистика деректеріне сүйенсек, алты айда 1319 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Былтырғы алты айда олардың саны 1358 болған. Яғни бір жылда көрсеткіш 39 іске немесе шамамен 2,9 пайыз азайған.

Қылмыстардың ауырлық санатында да өзгеріс бар. сыбайлас жемқорлықпен байланысты аса ауыр қылмыстар саны екі еседен астам қысқарып, 45-тен 22-ге түсті. Ал ауырлығы орташа қылмыстар 219-дан 192-ге, ауыр емес қылмыстар 55-тен 49-ға азайды. Бірақ «ауыр» қылмыстар, керісінше, 1039-дан 1056-ға дейін өскен.

Қылмыс түріне қарай жүктесек, «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену» немесе талан-таражға салу фактілері айтарлықтай төмендеген. Мұндай істер бір жылда 219-дан 138-ге дейін қысқарған. Алаяқтық деректері де 167-ден 151-ге төмендеді.

Қызметтік қылмыстардың саны да азайды. Парақорлыққа делдал болу фактілері 45-тен 37-ге, қызметтік құжаттарды қолдан жасау немесе жалған мәлімет енгізу фактілері 16-дан 14-ке, қызметтегі әрекетсіздік 9-дан 7-ге қысқарған. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу 5-тен 4-ке, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау 8-ден 7-ге төмендеді.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Алайда парақорлыққа қатысты негізгі көрсеткіштер керісінше өсім көрсетіп отыр. Пара алу фактілері 305-тен 329-ға дейін көбейіп, пара беру фактілері 349-дан 386-ға жетті. Яғни бір жылда тағы 37 іс тіркелген. Осылайша пара беру деректерінің саны пара алудан асып түсті. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдарының парақорлықтың екі қатысушысын да жауапқа тарту тәжірибесі күшейгенін көрсетуі мүмкін. Екінші жағынан, мемлекеттік қызмет көрсету саласында заңсыз сыйақы беру тәжірибесі әлі де өзекті екенін аңғартады.

Өсу байқалған тағы бір бағыт – лауазымдық қылмыстар. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері 158-ден 163-ке дейін көбейді. Ал билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері 17-ден 30-ға жетіп, шамамен 76 пайыз артқан.

Статистикадан жемқорлыққа барған адамдар саны азайғанынын көруге болады. 2025 жылдың алғашқы жартысында мұндай 780 адам анықталса, биыл олардың саны 667 болды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны 506-дан 428-ге, құқық қорғау органдары қызметкерлері 70-тен 85-ке кеміген.

Мемлекеттік органдар бөлінісінде де өзгерістер бар. Биыл ең көп қылмыс ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты тіркелген – 71 іс. Одан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті – 21, Қаржы мониторингі агенттігі – 21, Денсаулық сақтау министрлігі – 12, Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 13, Қорғаныс министрлігі – 13. Былтыр ішкі істер органдарында 68, Қаржы мониторингі агенттігінде 25, Денсаулық сақтау министрлігінде 20, ҰҚК-де 12, Қорғаныс министрлігінде 13 іс тіркелген.

Айта кету керек, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізілген болатын. Ол норма бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта белгіленген тәртіппен танылған азаматтардың сайлануға құқығы болмайды.
Экс-сенатор Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында бұл өзгерісті қоғамның талабына сай норма деп атаған еді.

Фото: parlam.kz

“Бұл жаңашыл нормадағы ерекше назар аударатын түзету қазіргі таңда қоғамда өте жағымсыз сипат алған сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуы болып саналады, – деген Нұрлан Бекназаров.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, былтыр мемлекет сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 61 азаматқа 24,2 млн теңге сыйақы төлеген.

Back to top button