Жаңалықтар

ОСК «Әділет» партиясының 186 кандидаттан тұратын тізімін тіркеді

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы мәселе қаралды.

Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ОСК отырысында «Әділет» партиясының тізімі тіркелді

Отырыс жұмысына «Әділет» партиясының басшылығы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ атынан халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Қаржы, ішкі істер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференциялық байланыс арқылы өңірлердегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды.

Партиялық тізім заң талаптарына сәйкес келді

ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасап, Ортсайлаукомға партия тарапынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну бойынша тиісті құжаттар ұсынылғандығын атады. Сонымен бірге ол Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң бойынша кандидаттарға қойылатын талаптарға тоқталды.

186 кандидаттың 47,3 пайызы – квота санатындағы азаматтар

Мұхтар Ерманның мәліметінше, «Әділет» партиясының партиялық тізіміне барлығы 186 кандидат енгізілген. Оның ішінде 88 адам – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар, бұл жалпы тізімнің 47,3 пайызын құрайды.

«Сайлау туралы Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан бір ғана тізім тіркеуге жіберіледі. Партиялық тізімде үш санаттағы: әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі 30% болуы тиіс. «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 186 адам бар. Заңнамада белгіленген квота сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін тексерді. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келеді»,  – деп түйіндеді Мұхтар Ерман.

Сайлау жарнасы толық төленген

Сонымен қатар, ОСК Төрағасының орынбасары «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігі партиялық тізімге енген барлық адамдар үшін сайлау жарнасын төлегендігін атап өтті.

ОСК қаулы қабылдап, куәліктер табыстады

Отырыс қорытындысы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері хаттамаларға қол қойып, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.

Отырыс қорытындысымен партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Әділет» партиясы депутаттыққа кімдерді ұсынғанын жаздық. «Әділет» партиясы Құрылтай депутаттығына ұсынылған үміткерлердің ішінде Айбек Дәдебай, Ерлан Қарин, Жұлдыз Сүлейменова, Асхат Аймағамбетов, Мұрат Әбенов, Сұңғат Есімханов, Ботагөз Жақселекова, Елдар Жұмағазиев, Динара Зәкиева, Геннадий Зенченко, Снежанна Имашева, Раушан Қажыбаева, Дәурен Қайыпов, Әділ Балтабаев, Шахмұрат Мүтәліп, Бағдат Мусин, Ирина Тен, Илья Теренченко, Армангүл Тоқтамұратова бар.

Back to top button