Оралуына 9-ақ күн қалған: Каспийде қаза тапқан сарбазды отбасы тоймен қарсы алмақ болған
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың бірі Азамат Мәдіханның әскери қызметін аяқтап, үйіне оралуына небәрі тоғыз күн қалған. Отбасы оның аман-есен оралуын үлкен тоймен атап өтпек болып, жақындарына шақыру таратып қойған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тойға тоғыз күн қалғанда…
Азаматтың ата-анасы, бауырлары оның әскери борышын өтеп, елге оралатын күнін асыға күткен. Олар алдын ала той қамына кірісіп, жақындарын шақырып қойған. Тіпті шақыру қағазында Азаматтың Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне аман-есен оралатыны жазылған.

Алайда Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін отбасына қаралы хабар жетті. Үйіне оралуына тоғыз күн қалғанда Азамат әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапты. Оның оралуы отбасы үшін ең қуанышты күндердің бірі болуы керек еді. Амал нешік, артында ұлын күткен ата-ана, бауырын күткен бауырлар қалды.
Айта кетейік, Маңғыстаудағы сарбаздар өлімі жайлы тың деректер жариялана бастады. Аман қалған сарбаздың бірі – Ақжол Темірәлиевтің әкесі ұлының жағаға әрең жүзіп шыққанын, соған қарамастан суға барып жарты сағат досы Азаматты іздегенін айтқан еді.
Каспийдегі қасірет
Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.