TOP-2Геосаясат

Оңтүстік Корея президенті КХДР-ға соғысты ресми аяқтауды ұсынды

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Солтүстік Кореяны екі ел арасындағы соғысты ресми түрде аяқтау жөніндегі келіссөзге шақырды. Сеул келіссөз барысында Пхеньянның ядролық әлеуетін одан әрі дамытуын тоқтату жолдарын да талқылауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

«Бір-бірімізге қауіп төндіруден бас тартайық»

Ли Чжэ Мён бұл ұсынысын Кореяның Жапонияның отарлық билігінен азат етілгеніне 81 жыл толуына арналған салтанатты шарада айтты. Оның сөзінше, екі мемлекет өзара қоқан-лоқыдан бас тартып, түбекте орнықты бейбітшілік орнатуға бағытталған тікелей диалог бастауы керек.

«Осы ұзаққа созылған соғысты аяқтау мәселесін оған тікелей қатысы бар тараптар ретінде талқылауға кірісейік. Ол үшін бір-бірімізге қауіп төндіру ниетінен бас тартуымыз қажет», – деді Оңтүстік Корея президенті.

Ли Чжэ Мён болашақ келіссөз аясында Солтүстік Кореяның ядролық әлеуетін одан әрі дамытуын тоқтатудың тиімді тетіктерін де қарастыруға болатынын атап өтті. Сеул басшысы түбектегі шиеленісті төмендетіп, кездейсоқ әскери қақтығыстың алдын алатын тұрақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға ниетті екенін жеткізді.

Соғыс формалды түрде әлі аяқталған жоқ

1950 жылы басталған Корей соғысы 1953 жылы бітім туралы келісімге қол қоюмен тоқтаған. Алайда тараптар толыққанды бейбіт келісім жасасқан жоқ. Сондықтан Корей түбегіндегі соғыс формалды түрде әлі аяқталмаған саналады.

Ли Чжэ Мён қазіргі уақытша бітім тәртібін тұрақты бейбітшілік режимімен алмастыруды көздеп отыр. Алайда Пхеньян Сеулдің осыған дейін жасаған диалог ұсыныстарын қабылдамады. Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореяны қарсылас мемлекет деп танып, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын қауіп ретінде бағалап келеді.

КХДР билігі Ли Чжэ Мённың жаңа ұсынысына әзірге ресми жауап берген жоқ.

Back to top button