TOP-1Жаңалықтар

«Өмір бойы азап шектім»: Наташа Қалымбетова ДНҚ тестінің нәтижесін айтты

Бұған дейін басынан өткерген сексуалдық зорлық-зомбылық туралы ашық айтқан қазақстандық Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызымен кездескен соң ДНҚ сараптамасы нәтижесін жариялады. Әйелдің айтуынша, зерттеу олардың биологиялық туыстығын растаған. Қуанышты жаңалығын ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Ақыры Америкаға барып, қызымды таптым»

Наташа Қалымбетованың сөзінше, ол АҚШ-қа өз күшімен барып, қызын іздеп тауып, ДНҚ тестінен өткен. Зерттеу нәтижесі оның қызына деген туыстық байланысын растаған. Әйел бұл қорытындыға өзі сенімді болғанымен, қызының сараптама нәтижесін күткенде алаңдағанын жеткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Наташа Қалымбетова ұзақ жылдарға созылған ізденісі мен арманы орындалғанын эмоцияға толы сөздермен баяндады.

«Мұндай қиындықты екінің бірі еңсере бермейтін шығар. Бірақ мен бұдан өттім. Өмір бойы азап шегіп, қиналдым. Соған қарамастан, ақыры қызыммен қауыштым. Барлығына өз күшіммен қол жеткіздім. Ақыры Америкаға барып, қызымды таптым. Бүгін ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты. Соның қорытындысында, туыстығымыз 100 пайызға расталды. Мен бұған дейін де сенімді едім, бірақ қызымда қобалжу байқалды. Қысқасы, қыздар, мүмкін емес нәрсенің өзі мүмкін екен. Біреудің көмегінсіз, ешкімге арқа сүйемей, мұндай қадамға кім бара алады? Мен бардым. Барлығын өзім, ешкімнің көмегінсіз, өз күшіммен жасадым», – деді Наташа Қалымбетова.

Сондай-ақ ол қызының өзі туралы жарияланымдарды бақылап, әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып, хабардар болып отыратынын айтты. Әйелдің сөзінше, енді ол қызымен қайта жүздесіп, көптен күткен қуанышты нәтижені бірге атап өтуді асыға күтіп жүр. Алайда әйел бұл сәтті өмірден өткен анасының көре алмағанына қатты өкінетінін жеткізді. Анасы қызының табылып, осындай қуанышты күнге жеткенін көре алмай кеткен.

Наташа Қалымбетованың оқиғасы қалай басталды

Бұған дейін Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде шамамен 30 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында болған оқиға туралы бейнежазба жариялаған еді.

Әйелдің айтуынша, ол кәмелетке толмаған кезінде ауылдастары тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сөзінше, оқиғаға төрт адам қатысы болды. Осыдан кейін ол ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарына жүгінбей, кейін Қазақстаннан кеткен.

Қалымбетованың әлеуметтік желідегі мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Әйел кейін полиция қызметкерлерінің өзімен байланысқа шыққанын хабарлаған. Осыдан соң Наташа Қалымбетова қазақстандықтардан АҚШ-қа бару үшін қаржылай көмек сұрады. Ол сапардың басты мақсаты қызына жолығып, ДНҚ сараптамасынан өту екенін түсіндірген. Әйел бұл зерттеу көп жыл бұрынғы оқиғаның мән-жайын анықтауға да көмектесуі мүмкін деп үміттенген. Енді Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызын тауып, ДНҚ тестінің нәтижесі биологиялық туыстықты растағанын мәлімдеді. Осылайша, оның ұзақ жылдарға созылған ізденісінде маңызды кезең аяқталғанын хабарлады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от @tizginmedia

Back to top button