«Ол мәселе шешілді»: Министр Әлназарова Есік дәрігерлерінің шағымына жауап берді
Алматы облысы Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықтың қызметкерлері жалақыларының уақытылы төленбегенін айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданған вивдео тарады. Медицина мамандары мекемеге тексеріс жүргізуді сұрап, басшылықтың жұмысына наразылық білдірді. Бұл жағдайға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бізді ешкім тыңдамайды»
Перинаталдық орталықтың қызметкерлері 13 қазанда жариялаған үндеуінде жалақыларын әлі алмағандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қаржының кешіктірілуі отбасылық жағдайларына әсер етіп, ұжым арасында наразылық туғызған. Медицина мамандары Мемлекет басшысынан жағдайға назар аударып, мекеменің жұмысына тексеріс жүргізуді сұрады.
«Қазақстан Республикасының құрметті Президенті! Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықтың қызметкерлері әлі жалақы алған жоқ. Бүгін 13 қазан. Олардың бала-шағасы бар. Бізге тексеріс жіберіңіз, өйткені шаршап кеттік. Осылай істеуге мәжбүр болып отырмыз. Шыдамымыз таусылды», – деді үндеу жасаған қызметкерлер.
Олардың сөзінше, медициналық мекемеде басшылық жиі ауысады, алайда қызметкерлердің пікірі ескерілмейді.
«Басшылық жиі ауысады, бізбен ешкім ақылдаспайды, бізді ешкім тыңдамайды. Жалақымызды көтермейді. Дәл қазіргі мәселе – жалақымызды бермей жатыр. Тексеріс жіберсеңіз, бәрін толық айтып береміз. Біз әділдікті қалаймыз, бізге назар аударыңыз», – дейді олар.
«Ұжым жақсы, тек жақсы басшы жоқ»
Үндеу жасаған қызметкерлер перинаталдық орталықтағы медициналық ұжымның жұмысына оң баға бергенімен, мекемедегі басқару жүйесіне көңілдері толмайтынын жеткізді.
«Бұл жерде туу көрсеткіші жақсы. Ұжым жақсы, тек жақсы басшы жоқ», – деді медицина мамандары.
Олар жалақы мәселесін шешумен қатар, мекемедегі басқару жағдайына да назар аударуды талап етті.
Айта кетейік, Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық 2026 жылдың басында дербес медициналық ұйым мәртебесін алған. Бұған дейін ол Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының құрамында жұмыс істеген.
Денсаулық сақтау министрі не деді
Медицина қызметкерлерінің үндеуіне қатысты Tizgin.kz тілшісінің сұрағына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.
«Бұл мәселе шешілді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр жалақының нақты қашан төленгенін, барлық қызметкердің қаражаты толық аударылған-аударылмағанын және төлемдердің кешігуіне не себеп болғанын нақтыламады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің мекемеге тексеріс жүргізу туралы өтініші бойынша қандай шара қабылданғаны әзірге белгісіз.