$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

Ойынқұмар болғандарыңды өздеріңнен көріңдер – Еркебұлан Тоқтар

Танымал қазақстандық спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар өзінің жекпе-жегіне ақша тіккені туралы айтқан ойынқұмарларға жауап берді. Ол құмар ойынға әуестенудің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Ойынқұмар болғандарың – менің мәселем емес»

Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, кейбір жанкүйерлер оның жеңісіне 1000–2000 теңге көлемінде бәс тігіп, кейін бұл туралы өзіне айтқан. Спортшы мұндай әрекетке жауапты емес екенін айтып, оңай ақша табуға ұмтылатын адамдарға ескерту жасады.

«Менің жеңісіме қатысты бәс тіккен екен. 1000-2000 теңге тіккен, соны маған әңгіме қылып айтып отыр. Ойынқұмар болғандарың – менің мәселем емес. Ол мәселеден сендерді мен алып шықпаймын, өмір өзі алып шығады», – деді ол.

Оның сөзінше, аз мөлшерде ақша тігуден басталған әуестік уақыт өте келе үлкен қаржылық шығынға ұласуы мүмкін.

«Менің басымнан өткен… сендердің «косяктарың» әлі алда. Әлі бәс тігесіңдер. Үлкен көлемде бәс тігіп, ештеңесіз қалған күні бекер бәс тіккендеріңді түсінесіңдер. Бұл менің басымнан өткен. Жеңіл жерде ақша жоқ», – деді Еркебұлан Тоқтар.

«Менің табысым – екі айлық тынымсыз еңбектің нәтижесі»

Спортшы жекпе-жектен алатын гонорарының артында ұзақ дайындық, қатаң тәртіп пен физикалық еңбек тұрғанын атап өтті. Ол спортшылардың табысын букмекерлік кеңселерге ақша тіккен адамдардың ұтысымен байланыстыру дұрыс емес деп есептейді.

«Өздеріңнің ойынқұмар болғандарыңды мемлекеттен, болмаса букмекерлік конторадан, гонорар алатын спортшылардан көрудің қажет жоқ. Оған өздерің кінәлісіңдер. Жеңіл ақша тапқыларың келеді. Менің тапқан ақшам – 2 ай жаттығу, 2 ай диета, қаншама жұмсалған уақыт», – деді спортшы.

Еркебұлан Тоқтар бұрын өзі де ойынқұмар болған

Спортшының бұл тақырыпта пікір білдіруіне өзінің өткен өміріндегі тәжірибесі де себеп болғанын аңғаруға болады.

Бұған дейін Еркебұлан Тоқтар сұхбаттарында бір кездері құмар ойындарға әуестенгенін жасырмаған, сондықтан ол бәс тігудің салдары туралы жеке тәжірибесіне сүйеніп ескерту жасап отыр.

«Ойынқұмар мырзалар, ол сендердің мәселелерің. Бұл бір күні түбіңе жетеді. Мен сендерге басымнан өткен оқиғаны айтып бергенмін. Бұл ешқашан жақсылыққа алып бармайды», – деп түйіндеді спортшы.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button