TOP-2Жаңалықтар

Нұрлан Сабуровқа Ресейде 2029 жылға дейін бизнес ашуға тыйым салынды

Қазақстанның танымал стендап-комиі Нұрлан Сабуров 2029 жылдың наурызына дейін Ресейде жаңа компания тіркей алмайды. Бұған оның бұрын ашқан компаниясының заңды мекенжайына қатысты мәліметтердің дұрыс болмауы себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Сабуровқа не себепті шектеу қойылды

РИА Новости агенттігі Ресейдің Федералдық салық қызметінің деректерін зерттеп, шектеудің мән-жайын анықтаған. Мәліметке сәйкес, мәселе Сабуров 2025 жылдың сәуірінде тіркеген «Сабр Продакшн» компаниясына қатысты. Кинофильмдер, бейнеөнімдер мен телебағдарламалар өндірісі және оларды таратумен айналысқан кәсіпорынның заңды мекенжайы туралы мәліметтер Ресейдің заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде дұрыс емес деп танылған.

Ресей заңнамасына сәйкес, бұрын басқарған немесе бақылау үлесіне иелік еткен компаниясының деректері дұрыс емес деп танылған тұлғаға жаңа заңды тұлға тіркеуден бас тартылуы мүмкін. Осы негізде Сабуровтың жаңа бизнес тіркеу мүмкіндігі 2029 жылдың наурызына дейін шектелген. Айта кетейік, «Сабр Продакшн» компаниясы 2025 жылы 14,3 миллион рубль таза пайда тапқан. Ал 2026 жылдың қазанында кәсіпорынның таратылатыны белгілі болды.

Ресейге кіруге тыйым және ҰҚК тексеруі

Еске салайық, 2026 жылдың қаңтар айының соңында Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынған еді. Осы шешімнен кейін әзілкеш Қазақстанға оралды. Кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті оған қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Алайда ведомство тексерудің нақты қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын жариялаған жоқ.

Енді Ресейге кіруге қойылған шектеуге жаңа компания тіркеуге қатысты шектеу де қосылды. Дегенмен бұл Сабуровтың кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысуына толық тыйым салынғанын білдірмейді. Шешім Ресей заңнамасындағы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу талаптарына байланысты қабылданған.

Back to top button