Нұрай ісі бойынша сот кейінге қалды
Нұрай Серікбайдың 21 шілдеге белгіленген бірінші сот отырысы сотталушының науқастануына байланысты өтпей қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Адвокат өтініш айтты
Сот Шымкентте бүгін сағат 10:00-де мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта өтуі тиіс болған. Бірақ сотталушы ауырып қалған.
Жәбірленуші тарапт адвокаты сотталушының қатысуынсыз-ақ іс материалдарымен таныстыруға өтініш білдірген болатын.
“Бұл жерде сотталушының қатысуы қатты керек емес сияқты. Біз сотқа дейінгі барлық деректі таныстыра берсек”, – деді адвокат.
Судья келіспеді
Алайда судья соттың әлі басталмағанын алға тартып, уәжді қабылдауға барлық тарап қатысуы керектігін жеткізді.
“Сотталушының денсаулығының нашарлауына байланысты сотты кейінге қалдырамыз. Қашан жақсаратыны белгісіз. Алдағы сот отырысын қай күнге қоятынымызды соғап қарап анықтаймыз”, – деді судья.
Осыдан үш күн бұрын адвокат Аянхан Омаров кісі қолынан жан тапсырған Нұрай Серікбайдың ісі бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетінін хабарлаған болатын.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.