TOP-2Қоғам

Нобель лауреатымен бірге жұмыс істеген қазақ ғалымы Манат Мәуленбай өмірден өтті

Швейцариядағы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) ғылыми зерттеулер жүргізіп, Нобель сыйлығының лауреаты Сэмюел Тингтің зерттеу тобында еңбек еткен қазақ ғалымы, PhD докторы Манат Мәуленбай өмірден өтті. Бұл туралы журналист, жазушы Дастан Қастай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Нобель лауреатының зерттеу тобында еңбек еткен

Манат Мәуленбай Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. Ол ғылыми қызметін Қытай ғылым академиясында бастап, кейін халықаралық деңгейдегі ірі ғылыми жобаларға қатысқан. Ғалымның кәсіби жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Сэмюел Тингтің зерттеу тобына қосылуы. Осы кезеңде ол әлемнің жетекші зерттеушілерімен бірге ғылыми жұмыстар жүргізген.

Кейін Манат Мәуленбай Швейцариядағы Цюрих жоғары техникалық мектебінде (ETH Zürich) және Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) еңбек еткен. Аталған ғылыми орталықтар іргелі физика, элементар бөлшектер және заманауи технологиялар саласындағы зерттеулерімен әлемге танымал. Манат Мәуленбайдың рентген технологиялары мен сәуле детекторларын әзірлеу саласында 25 жылдан астам тәжірибесі болған. Ол ғылыми зерттеулермен қатар, физика саласындағы жаңалықтарды тәжірибеде қолдануға бағытталған технологиялық жобаларға да атсалысқан.

Ғылымға үлесі

Кейінгі жылдары Манат Мәуленбай АҚШ-қа қоныс аударып, медициналық бейнелеу технологияларын дамыту бағытында жұмыс істеген. Ол өкпе обырын ерте анықтауға арналған жасанды интеллект технологияларын әзірлеумен айналысатын AIxSCAN компаниясының негізін қалаушылардың бірі болды. Компанияның қызметі медициналық кескіндерді талдау арқылы ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектесетін технологияларды дамытуға бағытталған.

Осылайша, ғалым іргелі физика саласында жинаған тәжірибесін медицинадағы технологиялық шешімдерді жетілдіруге жұмсаған. Манат Мәуленбай АҚШ-тағы қазақ қауымының да құрметті өкілдерінің бірі болған. Оның өмірден өткенін хабарлаған журналист Дастан Қастай ғалымның сұхбаттары мен ғылыми көзқарастары өзіне ерекше әсер еткенін жеткізді.

«Сұхбат-подкасттарын тыңдап, озық ойларын түртіп алып жүретін едім. Өкінішті… Барша қазақ халқына, ғылымдағы әріптестерімізге қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың рухы шат болсын!» – деп жазды Дастан Қастай.

Сонымен қатар QIST халықаралық ғылыми қауымдастығы Манат Мәуленбайдың отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Қауымдастық өкілдері ғалымның ғылымға қосқан үлесі кейінгі буын зерттеушілер үшін үлгі болып қалатынын атап өтті.

Back to top button