Жаңалықтар

Никарагуада президенті елде енді сайлау өткізілмейтінін мәлімдеді

Никарагуа президенті Даниэль Ортега елде бұдан былай президенттік сайлау өткізілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 1979 жылғы Сандинист революциясының мерейтойына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Енді бұл жерде ешқандай сайлау болмайды»

Даниэль Ортега сайлаудан толықтай бас тарту оппозицияның билікке келуіне жол бермеу үшін қажет екенін айтты.

«Енді бұл жерде ешқандай сайлау болмайды. Олар билік пен үкіметті басып алуға әрекеттенбеуі үшін осындай шешім қабылданды», – деді Никарагуа президенті.

Сондай-ақ ол АҚШ-қа жақын саяси күштердің ел билігіне қайта оралуына жол бермейтінін мәлімдеді.

Алайда Ортега сайлауды тоқтату қандай заңнамалық тетік арқылы жүзеге асырылатынын нақтылаған жоқ.

Даниэль Ортега деген кім

Даниэль Ортега – Никарагуаның ең ықпалды әрі ұзақ уақыт билік еткен саясаткерлерінің бірі. Ол алғаш рет 1979 жылғы Сандинис революциядан кейін елдің уақытша басқару хунтасының жетекшілерінің бірі болды. Кейін 1985–-990 жылдары президент қызметін атқарды.

2007 жылы қайтадан мемлекет басшысы болып сайланған Ортега содан бері биліктен кеткен жоқ. Кейінгі жылдары оның әкімшілігі президенттік өкілеттік мерзімін ұзартты, қатарынан сайлануға қойылған шектеулерді алып тастады және конституциялық өзгерістер енгізді.

2025 жылғы конституциялық реформадан кейін жұбайы Росарио Мурильо елдің тең президенті (сопрезиденті) мәртебесіне ие болды, ал президенттік мерзім алты жылға ұзартылды. Қазір халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар мемлекеттер Ортега билігін авторитарлық режим ретінде бағалайды.

Back to top button