“Мыңдаған адам асыға күткен сурет”: Базарбек ауруханадан фото жариялады
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі тап болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккен азаматтың фотосуретін жариялап, дәрігерлерге алғысын айтты, деп жазады Tizgin.kz.
Базарбек не дейді
Экс-депутат Нұржігітті тұрғызған дәрігерлермен фотоға түсіп, оны еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет деп атады.
“Нұржігітті тұрғызған дәрігерлер! Бұл — еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте — өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері. Ортада — Нұржігіт Қошанов. Оң жақта — Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері — Мұрзақасымов Хамит Саттарқұлұлы; Бас дәрігердің орынбасары – Ордабеков Ербол Сағындықұлы; Анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі — Мусин Ғамзат Афендіұлы; дәрігерлер – Джурабаев Д.Т, Еділбаев Е.О, Раимбекова Г.Э, Баяшев Е.Н, Джапсарбаев Б.М, медбикелер – Ермекқали Б.Ж, кіші медбике Сағынтаева П.К. Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін”, – деді ол.
Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалған. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді.
“Бұлар — заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!” – дейді Базарбек.
Бақытжан Базарбектің ісі жайлы
Еске салсақ, бұған дейні Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды.