Қоғам

Мұхтар Шаханов ұлт мәселесінде тайсалмай, әрдайым елдің сөзін сөйледі – Әшімбаев

Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Кеңестік кезеңнің өзінде Арал тағдырына араша түсуі Ағамыздың айқын азаматтық ұстанымын көрсетті. Мұхтар ағамыз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білгенін айшықтайды. Ұлттың ең өзекті мәселелерінің бірі – тіл тағдырына келгенде де Мұхтар Шаханов әрдайым алдыңғы шептен көрінді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында табандылық танытып, ана тіліміздің абыройын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Мұхаң ұлт мәселесі сынға түскен сәттің бәрінде тайсалмай, елдің сөзін сөйлей білді. Бұған Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын анықтау жолындағы азаматтық ерлігі айқын дәлел», – деді ол.

21 сәуірде таңертеңнен бастап Алматыда халық ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне жиналды.

Еске сала кетейік, әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Мұхтар Шахановтың жұбайы Ханшайым Шаханова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы өтінішін жеткізді. Соңғы тілегінде ол өзін ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлеуді өтінген.

Ақынның соңғы тілегі бойынша Мұхтар Шаханов Арыстанбаб кесенесінің жанындағы зиратқа жерленеді.

Back to top button