1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне – Тәуелсіз мемлекет ретінде қадам басты. Осы кезеңдегі ең елеулі өзгерістердің бірі – халықтың ұлттық (этникалық) құрамының трансформациясы болды, деп хабарлайды Tizginkz.
Тәуелсіздік алған сәтте Қазақстан көпұлтты ел болды әрі титулдық ұлттың үлесі салыстырмалы түрде төмен еді. 1989 жылғы халық санағының деректері бойынша қазақтар шамамен 39,7%, орыстар шамамен 37,8%, немістер шамамен 5,8%, украиндар шамамен 5,4%, басқа этностар – шамамен 11% болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында халық құрылымы айтарлықтай өзгере бастады.
2021 жылғы халық санағына сәйкес қазақтар шамамен 70,4%, орыстар шамамен 15,5%, өзбектер шамамен 3,2%, украиндар – шамамен 2,0%, ұйғырлар – шамамен 1,5%, татарлар, немістер және басқа этностар 1-1,2%-дан аз болды.
Осылайша, 30 жыл ішінде қазақтардың үлесі екі есеге жуық артты, ал бірқатар басқа этникалық топтардың үлесі айтарлықтай азайды.
ДЕМОГРАФИЯҒА НЕ ӘСЕР ЕТТІ
Енді 2026 жыл басына жекелеген этностар бойынша халық санына көз жүгіртіп көрелік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында Қазақстандағы барлық халық саны 20 283 399 болса, этникалық құрам: қазақтар шамамен 71,5%, украиндер шамамен 1,8%, өзбектер шамамен 3,4%, орыстар шамамен 14,4%-ды құрайды.
Жалпы алғанда, ХХ ғасырда Қазақстанның демографиясына 2 процес әсер етті: табиғи өсім, яғни туу мен өмірден өту арасындағы айырмашылық және көші-қон.
Тарихшы, халықаралық журналист Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, 1897 жылы Ресей империясында тұңғыш халық санағы болған.

“Сол халық санағы бойынша өзбектер саны – 726 000, қырғыздар саны – 201 000, түрікмендер – 268 000, қарақалпақтар – 100 000, қазақтар – 4 084 000 болған. Аталған бүкіл халықтың санын қосқанда қазақтардан 2 есе кем болды.
Қазақтар осы кезеңде “Малың көп болса – салық төлетеді, жеріңді айтсаң – тартып алады” деп, азайтып көрсеткеннің өзінде есепке ілінген қазақтар саны 4 084 000 болған. Санақ жүргізу кезінде бәрін ашып көрсеткенде қазақтың саны кемінде 6 000 000 болар еді” дейді тарихшы.
Зерттеуші қазақтар саны 1897 жылдан бері неше есе өскенін айтты.
“Тағы бір мысал, 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасын құрған кезде түріктер саны 6 000 000 болған. Ал бүгінге түріктер саны 90 000 000. Қазір Өзбекстандағы өзбектер саны шамамен 36 000 000, демек 1897 жылдан бері 34,2 есе өсіпті. Ал қазақтар 1897 жылдан бері, 129 жыл ішінде 3,3 есе ғана өскен. Біз өзбектер сияқты өскен болсақ қазір қазақтар саны 140 000 000 болар еді”, – дейді ол.
75/25 ҚАҒИДАТЫ
Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев “Қасқажол” арнасына берген сұхбатында Қазақстанда өзге этнос өкілдерінің қазаққа айналу процесі басталғанын айтты. Тарихшының сөзінше, этнографияда 75/25 деген қағидат бар. Яғни, белгілі бір елде түпкі халықтың үлесі 75 пайыздан асқан кезде ештеңеге қарамай, кіші этностар 75 пайыздың ішіне кіре береді.

“Ол табиғи үрдіс. 75 пайыздың ішіне кірген этностарға өз ортасы тілі, мәдениеті жағынан үлкен әсер етеді. Мәселен, бір этнос өкілінің үйі тұрса, оның маңайында 4-5 қазақ отбасы тұрса, ол амалсыз дәстүрді пайдаланады, балалары қазақша сөйлейді, ділі солай қалыптасады”, – дейді ол.
Қазақтардың үлесі артқанына қарамастан, Қазақстан көпэтносты мемлекет болып қала береді. Елде 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады, ал ұлтаралық келісім – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.
Бұл бағытта Қазақстан халық ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Ол қоғамдағы келісім мен этностар арасындағы диалогты нығайту үшін құрылған.
Еліміз өзінің көпұлтты сипатын сақтап қалуы – оның тұрақтылығы мен бірегейлігінің маңызды бөлігі болып қала береді.