Мұғалімдер күніне педагогке не сыйлауға болады: Министрлік түсініктеме берді
5 қазанда Қазақстанда Мұғалімдер күні атап өтіледі. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге сыйлық таңдау туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Гүл сыйлау – міндет емес
Министрліктің мәліметінше, бұл күні мұғалімдерге гүл сыйлау – қалыптасқан жақсы дәстүр, алайда ол міндетке, жарысқа немесе ата-аналарға қосымша шығынға айналмауы керек.
Ведомство ең бастысы – мұғалімге деген құрмет екенін атап өтті.
«Бастысы – гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Гүл сыйлау әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болуы керек. Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және ата-аналарға мұндай міндет жүктемеуі тиіс», – деп жазылған хабарламада.
Оқушылар видео арқылы алғыс айта алады
Оқу-ағарту министрлігі оқушыларға мұғалімге сыйлық ретінде алғыс бейнеролигін жазуды ұсынды.
Сондай-ақ оқушылар өз ұстазы туралы фото, бейнеролик немесе естелігін әлеуметтік желілерде #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялай алады, хат немесе ашықхат жолдай алады. Бұдан бөлек, мұғалімге хат немесе ашықхат жазып, алғысын жеке өзі айтуға болады.
Қазақстанда 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді
Қазіргі таңда еліміздегі 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.