TOP-2Жаңалықтар

Министрлік Ербаянның өліміне не себеп болғаны жөнінде хабарлама таратты

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрліктің мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

“Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді”, – делінген хабарламада.

Бірлескен хабарламада Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталғаны жазылған. 2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған. 2026 жылы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелген.

“Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді. Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жан сақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды”, – делінген хабарламада.

Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметкері Ербаян Мұхтар 23 жасында дүниеден өтті. Бұл қайғылы хабарды оның отбасы кеше растаған. Ербаян 2023 жылы әскери борышын өтеу кезінде ауыр бас-ми жарақатын алып, алты ай комада жатқан болатын. Есін жиғаннан кейін өздігінен қозғала алмай қалған.
2025 жылы ол ем алу үшін Ыстанбұлға жіберіліп, дәрігерлердің көмегі мен жақындарының қолдауының арқасында жағдайы біршама жақсарған еді. Ол тік тұрып, денесін ұстап, сол қолымен қозғалысқа жауап бере бастаған. Ербаянның тағдырына бейжай қарамаған мыңдаған қазақстандық бірнеше жыл бойы оның сауығып кетуіне үміт артып, қолдау көрсетіп келген еді.
Back to top button