Экс-депутат “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында Құрылтай сайлауы алдында ешбір партиядан шақырту алмағанын мәлім еткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Құрылтайға енген кандидаттардың тізіміне неге ілікпедіңіз?” деген сұрақ қойыған кезде экс-депутат өзі құрамында болған партия жоғалып, жоқ болып кеткенін айтқан.
“Жалпы, өзім командный адаммын. Егер белгілі бір ортада, мәселен, айтыста қызмет еттім бе, сол айтыстың абыройы үшін барымды саламын. Атақ, жеке бастың мүддесі үшін емес. Өмірімде алғаш рет “Аманат” партиясына саналы түрде кірдім. Сол кездегі бірге еңбек еткен кадрлар өте ұнады. Тіпті бөлімдегі, өңірдегі филиалдар мамандарымен энтузиазммен жұмыс істедім. Үш жылда “Аманаттың” басы-қасында жүргенде “Нұр Отанның” иллюзиясын барынша алып тастап, жаңа партияны басқа жағынан көрсете алдық деп ойлаймын. Менің арман-тілегім осыны соңына дейін жеткізіп, атқарылмаған жұмыстарды іске асырып, бүкіл елге пайдасын тигізу еді. Ал осының бәрі бір-ақ күнде қирағанда “Мына үй өртеніп жатыр екен, ана үйге қашып кетейін” дейтіндей әрекет маған тән емес. Ал “Жаңа партияға кіре қояйын…” деу менің принципіме кереғар. Мені шақырған жоқ, себебі ешкімнен шақырту күткен жоқпын”, – дейді ол.
Ринат Зайытқа “егер ұсыныс түскенде тағы да депутат болар ма едіңіз?” деген де сұрақ қойылған. Ол бәрібір депутаттыққа бармайтынын, себебі Құрылтай және Халық кеңесі туралы заң жазылғанда басы-қасында болған соң, ішіндегі нормалардың қалай жазылғанын көргенін, бұрынғыдай жұмыс істеуге мүмкіндік болмайтынын білгенін атап өткен.
“Шыны керек, ой да болған жоқ. Жалпы, билікпен келісімге келген 2020 жылдардың аяғы мен 2021 жылдың басында үнемі айтатын бір-ақ нәрсем бар. “Ешкімнен қызмет сұрамаймын. Маған тек елдің сөзін жеткізуге мүмкіндік берсе, болды. Өзгесінде шаруам жоқ, басқа үмітім де, амбициям да жоқ. “Ертең Құнанбай болсам, сосын Құдай боп кетейін” деген ой болған емес”, – дейді Ринат Зайыт.
Сұхбатта сонымен қатар, Ринат Зайыт қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталған тұлғаларға рақымшылық жасалуы керектігін сұрағанын жеткізген. Алайда бастамасы қолдау таппаған. Оның бұл ұсынысын бұрынғы әріптестері Абзал Құспан мен Ермұрат Бапи қолдаған.