Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Ақтаудағы жекеменшік мектепте тазалықшы әйелдің шелегін тепкен оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол оқу орнындағы қызметкерлердің еңбек құқықтары, мемлекеттік қаржының жұмсалуы және мектеп құрылтайшысының көші-қон заңнамасын сақтауы жөнінде бірқатар мәселе көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл шектен шыққан бассыздық»
Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында Ақтаудағы «Тұлпар» жекеменшік мектебінде болған оқиға еңбек заңнамасы мен көші-қон саласындағы бірқатар күмәнді жайтты анықтауға негіз болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мектеп құрылтайшысының жұбайы делінген әйелдің тазалықшының шелегін теуіп, суын төккен әрекеті қарапайым қызметкердің қадір-қасиетін қорлау болып саналады.
«Шеттен келіп, біздің елде бизнес жасап отырған адамдарға қарапайым қазақ әйелін қорлауға кім құқық берді? Қазақстанның нанын жеп, мемлекеттің бюджетінен миллиондап қаржы алып отырып, өз азаматтарымызды басыну – бұл шектен шыққан бассыздық» – деп жазды ол.
Халық кеңесінің мүшесі мектеп қызметкерлерінің жалақысына қатысты да мәселе көтерді. Оның мәлімдеуінше, оқу орнында жұмыс істеген кейбір қызметкерлер тамыз айынан бері еңбекақысын ала алмай жүрген көрінеді. Әбенов Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы мен білім басқармасының әрекетіне де сұрақ қойды. Ол мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы алатын жекеменшік білім беру ұйымдарындағы еңбек құқықтарының сақталуы тиісті органдардың назарында болуы керек деп есептейді.
Үш ЖШС мен мемлекеттік қаржыға қатысты сұрақтар
Мұрат Әбенов мектептің заңды тұлғаларына қатысты деректерді де жариялады. Оның сөзінше, оқу орнының құрылтайшысы ретінде аталған Халеф Челик есімді азаматқа байланысты үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.
Олар:
- «Юникью Образовательный Центр» ЖШС (БСН 200740003407);
- «Ақтау Зияткерлік мектебі» ЖШС (БСН 210640036332);
- «Тұлпар школа-лицей» ЖШС (БСН 240640001315).
Әбенов бұл заңды тұлғалардың бірінен кейін бірі пайдаланылу себептерін анықтау қажет деп санайды. Сонымен қатар ол мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеруді ұсынды.
«Егер ол жерге мемлекеттің қазынасынан қаржы құйылса, ол халықтың ақшасы. Жалпы қандастарымыз азаматтық ала алмай жатқанда Түркиядан келгендер қалай ҚР азаматы болған? Миграциялық заңдылық сақталған ба?» – деп сұрады ол.
Осыған байланысты Мұрат Әбенов полиция мен прокуратурадан оқиғаға құқықтық баға беруді, Қаржылық мониторинг агенттігі мен еңбек инспекциясынан аталған үш ЖШС-нің қаржылық операцияларын және мемлекеттік бюджеттен алған қаражатын тексеруді талап етті. Сондай-ақ ол заңбұзушылық анықталған жағдайда Маңғыстау облыстық білім басқармасының жауапты лауазымды тұлғаларының әрекетіне де баға берілуі қажет екенін жеткізді.
Ақтаудағы оқиға жайлы
Айта кетейік, бұған дейін Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде әйел адамның тазалықшы жұмыс істеп жатқан кезде су құйылған шелекті аяғымен теуіп жіберген бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Желі қолданушылары видеодағы әйелді мектеп директорының жұбайы деп таныстырған.
Оқиғадан кейін Маңғыстау облыстық білім басқармасы Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру бастағанын хабарлады. Ведомство барлық тараптың түсініктемелері тыңдалып, жағдайға заң аясында баға берілетінін мәлімдеді. Әзірге Мұрат Әбенов көтерген жалақы берешегі, заңды тұлғалардың қызметі, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуы және көші-қон заңнамасына қатысты мәселелер бойынша құзырлы органдардың тексеру қорытындысы жарияланған жоқ. Оның мәлімдемесінде айтылған жайттар тиісті органдар тарапынан расталуға тиіс.