«Мемлекетке масыл болғым келмейді»: Жақсылық Омар сотта соңғы сөзін айтты
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СОТТАҒЫ СОҢҒЫ СӨЗ
Үкім алдында Жақсылық Омар соңғы сөзін айтты. Қамауда отырған екі айға жуық уақыттан бері өз қателігін түсінгенін жеткізді.
“Қазір мен қатты өкінемін. Өкінішімді сөзбен жеткізу қиын. Бәрін кері қайтару мүмкін емес екенін түйсіну одан да күрделі. Мен сеніміне селкеу түсіргенім үшін қоғам алдында кешірім сұраймын. Бірақ сол сенімді қалпына келтіруге мүмкіндігім болады деп сенемін”, – деді ол.
Жақсылық Омар мемлекеттің қалтасына қол сұқпағанын, ал жеке тұлғаға келтірген шығынды толық өтегенін мәлімдеді.
“Құрметті сот, жәбірленушінің пікірін елеп-ескеруді сұраймын (сотталушыны бас бостандығынан айырмауды өтінген – авт.). Менің бұрын қол астымда жұмыс істеген Мәулетхановқа деген сенімім одан ақша сұрауға себеп болар негіз деп түсінгенім үшін өкінемін. Мен ақшаны бопсалап немесе заңсыз әрекеттер үшін алған емеспін. Құрметті сот, менің қорғаушыларым айтқан жайттарды назарға алуыңызды өтінемін. Маған тағылған баптардың қоғамға салдары қандай болатынын білемін”, – деді ол.
Жақсылық Омар “егер сот өзін бас бостандығынан айырса, өзі ғана емес, отбасы да жазаға ұшырайтынын” мәлім етті.
“Оған қоса мен мемлекетке масыл болғым келмейді, дамуына үлес қосқым келеді. Егер айыппұл салсаңыз, мен үшін ол да оңай жаза болмайды. Мен туған-туысқандарым мен достарымның алдында үлкен қарыз ақша аламын, бірақ айыппұлды өтеймін. Құрметті сот, кемі соңында осылай мемлекетке үлес қосуға мүмкіндік берсеңіз екен. Мен сіздің тәуелсіздігіңіз бен объективтілігіңізге сенемін”, – деді ол.
Үкім бүгін шығады.
ЖАҚСЫЛЫҚ ОМАРДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Өткен айда телеграм-арналарда Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған. Облыс әкімдігі әуелі оның ұсталғанын растамай, денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алғанын хабарлаған еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омардың ұсталғанын растады. Сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындаған.
Ұсталғанға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметінде болды.